Әйел бастаған көш…

Халықаралық әйелдер күнінде Алматы қаласында феминистер шеруі өтті. Ал мерекенің алдында Нұр-Сұлтан қаласында мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналар әкімдікті басып алды.

Оңтүстік астанада әйелдер еркіндік беруді сұрап шеруге шығып жатса, елордада баласына көмек сұраған аналар Үкіметтен қолдау күтіп, үйлерінен безіп, әкімдік ғимаратында бір апта түнеуге мәжбүр болды. Бұған дейін, екі жыл бойы көпбалалы аналар Нұр-Сұлтан қаласында Министрлік үйінің алдында жиналып, аштық жариялап, әлеуметтік жағдайларын көтеруді талап етіп, шерулеткен еді. Бастапқыда көпбалалы аналардың алдына сол кездегі Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мен Еңбек министрі Бердібек Сапарбаев шығып, әйелдермен  келіссөз жүргізетін. Кейін бұл шерулерге биліктің еті үйренді. Бүгінде көшеге шығып, наразылығын жеткізген аналардың жанайқайына көпшілік назар аударуды қойды.
Биыл баспана мен жәрдемақы сұрайтын аналардан жалыққан билік өздеріне ер-азаматтармен бірдей теңдік сұраған қыз-келіншектердің көшеге шығуына рұқсат берді. Алматыда өткен шеру биылғы жылдың ең көп талқыланған оқиғасы болып қалмақ. Жалпы шерудегі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау керек деген тәмсіл құптарлық. Тек плакаттарға жазылған бұдан да басқа ұрандар көпшіліктің қарсылығына ұшырауда. Қазақ қоғамы Европаны шарлаған жыныстық еркіндікті ашық жариялауға әлі дайын емес. Отбасылық құндылыққа жат ұғымды насихаттаған шеруге қатысушылардың дені жастар. Яғни, өзге елде салтанат құрған салттың біздің қоғамда орнығуына да көп қалған жоқ.

Қазақстанның бір қаласында баласын құшақтап, көз жасын бұлаған әйелдер, екінші қаласында өзіне теңдік сұраған қыз-келіншектердің мереке қарсаңында шығуы тегін емес. Бұл елімізде әйел адамның құқығы тапталып, жағдайының төмендеп кеткендігін айғақтайды. Біреулері аяныш тудырса, екіншілері дөрекі формада өзін қорғауды сұрап жүр. Осындайда “ақжаулықтылар көшеде шерулетіп жүргенде, олардың азаматтары қайда?” деген сұрақ туады.
Мәселен, 39 мың қазақстандық Оңтүстік Корея мемлекетіне жұмыс істеп, ақша табу үшін қоныс аударыпты. Оның 12 мыңы ресми тіркелген, қалғаны заңсыз мигрант есебінде жүр. Кореяда арзан жұмыс күші болып жүрген түрлі ұлт өкілі жетерлік. Соның ішінде нәпақа тауып жүрген өзбек ағайындардың қыздары мен әйелдерін шетел асырып, жұмысқа жеккендері жоқ екен. Ал Кореяда қара жұмысқа жегілген қазақстандықтардың 90 пайызы нәзік жандылар. Осыдан кейін, Үкіметтен жәрдем сұрап шерулетіп, шетел асып, қара жұмысқа жегіліп жүрген қыз-келіншектердің шынымен де қорғансыз екендігіне иланасың.

Ләззат ҚОЖАХМЕТ,

«QH»