Үй шатыры толықтай жанып кетті

Қаланың Майқұдық тұрғын аймағында бір үй шатырсыз қалды. Кеңестік дәуірден қалған көпқабатты үйдің шатырын балконда тұтанған алау әп-сәтте жалмап жоқ қылды. Қызыл жалынды ауыздықтау үшін өрт сөндірушілер бір жарым сағат арпалысқан.

Оқыс оқиға 21 мамыр күні түс ауа орын алған. Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданындағы 11-орамда орналасқан №10 үйдің шатырын от құрсағаны туралы ақпарат өрт сөндіру қызметіне сағат 14:59 шамасында түскен. Екі минут өткен соң оқиға орнынан 500 метр жерде орналасқан №7 өрт сөндіру мамандарының арнайы бөлімшесі жедел жолға шықты. Оларға көмекке №11 бөлімнен екі автоцистерна және бір АЛ-30 автобаспалдағы жөнелтілді.

Оқиға орнына жеткен арнайы қызмет өкілдері бірінші кезекте пәтерде адамдардың бар-жоғын тексеріп, тұрғындарды эвакуациялауға күш салды. Жедел әрекет етудің арқасында тұрғындар зардап шеккен жоқ. Үйден 37 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Олардың оны – кәмелет жасына толмаған бала. Сондай-ақ оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем көліктері де дер кезінде жетті.

Желдің толассыз соғуы және шатыр қаңқасының талай жылдан бері қаңсып тұрған ағаштан тұрғызылуы тілсіз жауды ауыздықтауға айтарлықтай қиындық туғызды. Қызыл жалын 840 шаршы метрді қамтыған. Жағдайды бақылаған құтқарушылар өртке 2-деңгейлі қауіп статусын берді. Пәтерлерді өрт шарпымауы үшін балкондарға төменнен су жіберілді. Өрт баспалдақ және автосаты арқылы сөндірілді. Сағат 15:12 шамасында қызыл жалын өршіп кеткендіктен, қосымша көмек күші сұралды. Жалпы алғанда, жалынды сөндіруге 98 адам және 22 техника жұмылдырылды. Сағат 16:23 шамасында өрт толық сөндірілді.

Алдын ала болжам бойынша, өрттің тұтануына тұрғындар жауапсыздығы себеп болуы мүмкін. Қызыл жалын жоғары қабаттағы пәтерлердің бірінің балконында тұтанып, кейін шатырға ауысқан.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»