Үй құрылысы кестеден бір жыл кешігіп жатыр

Қарқаралы қаласында мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан екі бірдей тұрғын үйдің құрылысы кестеден тура бір жыл кешігіп жатыр.

Жоба бойынша, 36 пәтерлік үйлер былтыр тапсырылу керек еді. Алайда құрылыс жұмыстарының әлі жартысы да аяқталмаған. Үш қабатты үйлерді салу үшін мемлекет қазынасынан 355 миллион теңге бөлініп, 2020 жылы іргетасы қаланады. Алайда ақшаның тек 48 миллионы игеріліп, қалғаны бюджетке қайтарылады. Себебі құрылыс материалдары күрт қымбаттап, жобаға түзету енгізуге тура келген. Мамандардың айтуынша, қосымша тағы 200 миллион теңге қажет. Енді мамыр айына дейін қазынаға қайтарылған 307 миллион теңге қайтадан аударылып, жұмыс жанданады деген жоспар бар. Ал жетпейтін қаражаттың қашан берілетіні беймәлім. Демек, қос үйдің алдағы бірер жылда тапсырылатын түрі байқалмайды.

Құрылыстың тоқтауына себеп болған тағы бір мәселе — қабырғасының жарылуы. Төменде орналасқан бұл жерге таудан аққан қар суы іркіліп, екі үй бірнеше ай бойы көлкіген су астында тұрған. Қабырғалары сыз тартқан соң қақырай бастапты. Жертөлесі суға толып, іргетасы отырған.

— Қазір құрылыс бөлімі үйдің техникалық жағдайын анықтап, қауіпсіздігіне көз жеткізу үшін сараптамаға берді. Нәтижесі мамырда дайын болады, — дейді Қарқаралы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Талғат Омаров.

Асыл АЙБЕК, «QH»