Өңіріміздің экономикасы
Аймақ экономикасына жыл басынан бері 680 миллиард теңгеге жуық инвестиция құйылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлім етті. Аймақ басшысы ел Президентінің халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.
Қарағанды облысы экономикасына салынған инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 14,6%-ға артты. Облыс картасында екі жаңа кәсіпорын пайда болды, ал жыл соңына дейін жалпы құны 200 миллиард теңгеден асатын тағы сегіз жобаны іске қосу жоспарланған, бұл 2 600 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ауқымды жобалар қатарында мыс пен ферросилиций өндіру зауыттары бар. Сонымен қатар, Qarmet кәсіпорнына жаңа инвестордың келуімен жұмыс істемей тұрған шахталар қайта қалпына келтірілді.
– Шахталардың жұмысын қалпына келтіру туралы айтамын. Аграрлық өнеркәсіп кешеніне жыл соңына дейін 23 млрд теңгеден астам сомаға 30 инвестициялық жоба іске асырылады. Ауылдарды дамыту аясында «Ауыл аманаты» жобасын ерекше атап өткен жөн, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағанды облысының Саран қаласы тарихта алғаш рет айтарлықтай салық түсімдерін қамтамасыз етуде. Бұл Саран индустриялық аймағының дамуымен мүмкін болды. Бұл тәжірибе өзге моноқалаларды дамытуға үлгі болмақ.
– Тұрмыстық техника саласындағы табысты жоба. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар беріп, осы бағдарламаның тиімділігін атап өтті, – дейді аймақ басшысы.
Президенттің тапсырмасы бойынша осы үлгі облыстың басқа да моноқалаларында – Теміртау, Балқаш, Шахтинск және Абай қалаларында енгізілуде. Облыс экономикасының ауыр өнеркәсіп саласы ғана емес, ауылшаруашылығы да белсенді дамуда. Қарағанды облысы биыл рекордтық көлемде астық жинады – 1 миллион 300 мың тонна. Ауылшаруашылығы өндірісі бойынша облыс елде жетінші орында.
– Жыл сайын агроөнеркәсіп саласында жаңа мүмкіндіктер пайда болуда. Біздің облыста «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 483 шағын несиеге 4,4 млрд теңге бөлінді. Оның жартысы мал шаруашылығын дамытуға, қалған бөлігі ауыл тұрғындарының бизнес-жобаларына бағытталған. Нәтижесінде ауылдық жерлерде 816 жұмыс орны ашылып, 60-тан астам ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»