Өңір экономикасы өрлеуде
Қарағанды облысында экономиканың негізгі салалары тұрақты өсім көрсетіп келеді. Өнеркәсіп өндірісінің ұлғаюы, инвестициялық белсенділіктің артуы, жаңа өндірістердің іске қосылуы, тұрғын үй құрылысының қарқын алуы және кәсіпкерліктің дамуы өңір экономикасының әлеуетін айқын көрсетуде. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі тапсырмаларының кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын аңғартады.
Облыстық экономика басқармасының мәліметінше, өткен жылы Қарағанды облысының экономика көлемі 7,4 триллион теңгеге жетіп, өсім 0,3 пайызды құрады. Осы кезеңде 15,4 мың жаңа жұмыс орны құрылып, оның 3,8 мыңы тұрақты жұмыс орындарына тиесілі болды.
Биыл да өңірде оң динамиканы сақтау көзделген. Жоспар бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 2,4 пайызға ұлғайып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 1,7 мыңнан астамы тұрақты еңбек орындары болады.
Экономиканың негізгі тірегі саналатын өнеркәсіп саласы биыл да жоғары қарқынмен дамып келеді. Жыл басынан бері өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 840,1 миллиард теңгеге жетті.
Өңдеу өнеркәсібінің бірқатар бағытында айтарлықтай өсім байқалады. Жеңіл өнеркәсіп өндірісі 37,3 пайызға, машина жасау 29,4 пайызға, қағаз және қағаз өнімдерін шығару 25,2 пайызға артты. Сонымен қатар фармацевтика өндірісі 1,8 есеге көбейсе, құрылыс материалдарын өндіру 3,8 пайызға, азық-түлік өндірісі 3,5 пайызға, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару 0,3 пайызға өсті.
Мамандардың айтуынша, жыл соңына дейін жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуы және ірі кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруы өнеркәсіптің тұрақты өсімін қамтамасыз етеді.
Инвестициялық белсенділік те жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 134 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,6 пайызға өсті.
Жыл соңына дейін жалпы құны 147 миллиард теңге болатын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 2 179 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазірдің өзінде полимер материалдарынан құбырлар, профильдер мен фитингтер өндіретін жаңа кәсіпорын жұмысын бастап үлгерді.
Құрылыс саласы да өңір экономикасының серпінді бағыттарының бірі болып отыр. Жыл басынан бері орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 37,6 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға артты. Осы уақыт аралығында 148 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 810 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Ал жыл соңына дейін тағы 400 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ауылшаруашылығы саласында да тұрақты өсім сақталуда. Жалпы ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 46 миллиард теңгеге жетсе, мал шаруашылығы өнімдерінің өсімі 2,5 пайызды құрады.
Биыл агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 14,1 миллиард теңге болатын 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалардың нәтижесінде ауылдық жерлерде 154 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік те экономиканың маңызды қозғаушы күшіне айналып келеді. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 19,6 пайызға өсіп, 97,9 мыңға жетті.
Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында жалпы құны 10 миллиард теңгені құрайтын 101 жоба қаржыландырылып, жаңа бизнес бастамаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетілуде.
Сауда саласында да оң өзгерістер байқалады. Өткен жылы өңірде жалпы инвестиция көлемі 2,3 миллиард теңге болатын 49 жаңа сауда нысаны ашылып, 312 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл тағы 76 сауда нысанын пайдалануға беру жоспарланған.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, қаңтар–мамыр айларында Қарағанды облысы республикадағы сауда көлемі ең жоғары бес өңірдің қатарына енді. Өңір еліміздің жалпы сауда айналымының 6,1 пайызын қамтамасыз етіп, Алматы, Астана, Атырау облысы және Шымкенттен кейінгі жетекші орындардың біріне тұрақтады.
Жалпы алғанда, өнеркәсіп өндірісінің артуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, кәсіпкерліктің дамуы, тұрғын үй құрылысының ұлғаюы және ауыл шаруашылығының тұрақты өсімі Қарағанды облысының экономикалық әлеуетінің жылдан-жылға нығайып келе жатқанын көрсетеді. Жаңа өндірістердің іске қосылып, мыңдаған жұмыс орындарының ашылуы тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және ұзақ мерзімді тұрақты дамуына берік негіз қалайды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

