Өңір басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өңір халқының түрлі сұрағын қарастырды. Кездесуге қатысушылар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, медициналық қызмет көрсету сапасы және әлеуметтік көмек мәселелерін көтерді. Бұл сұрақтарды шешу үшін басқарма өкілдері шақырылып, қалалар мен аудандардың әкімдері тікелей байланысқа шықты.

Қабылдауға келгендердің бірі – Осакаров ауданының тұрғыны, ол облыс әкіміне газдандыру мәселесін жеткізді. Бұған дейін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тендер өткізілгенімен, сатып алуға қатысушылар арасындағы сот даулары салдарынан жұмыс тоқтап қалған. Әкім мәселені жедел шешуді тапсырды.

– Газдандыруды тезірек бастау қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Алдымен магистральдық құбырды жүргізіп, жобаны екі кезеңге бөлген жөн: алдымен автономды газ тарату стансасының құрылысын аяқтау, содан кейін ішкі желілерді жүргізу. Бұл туралы аудан тұрғындарына хабарлаңыздар.

Кездесу барысында жер теліміне қатысты сот процестері, ЖСЗТ бағдарламасының орындалуы, еріктілерді қолдау, медициналық қызмет көрсету сапасы және Шахтинскіге медициналық-әлеуметтік сараптаманы қайтару мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Шахтинск қаласында балаларға арналған оңалту орталығын ашу ұсынысы қаралды.

– Биыл Балқашта оңалту орталығының құрылысын аяқтаймыз, ал келесі жылы Шахтинскіде «Қамқорлық» корпоративтік қорының қолдауымен осындай нысан ашылады. Қазір ғимаратта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, – деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.

Кездесу барысында тұрғындардың көптеген сұрағына сол жерде жауап берілді. Қосымша қарауды қажет ететін мәселелер әкімдік бақылауына алынды.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»