Өңір ақындары олжалы қайтты

Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» даңқты қолбасшы, мемлекет қайраткері Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдығына арналған «Алты Алаштың арысы – Ер Жалаңтөс!» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Ұлттық өнерді ұлықтаған ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 ақын қатысып, сөз сайысының көрігін қыздырды.

Қазақ руханиятының алтын арқауы саналатын айтыс өнері қай кезеңде де ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған асыл мұра болып келеді. Домбыраның қос ішегінен төгілген сөз маржаны халықтың рухын көтеріп, елдік пен ерлікті ұлықтап, қоғамдағы өзекті мәселелерді де өткір тілмен жеткізе білді. Бүгінде бұл өнер ұрпақ сабақтастығын жалғап, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін үлкен рухани мектепке айналды.

Айтыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, жиналған қауымды рухани мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи тұлғаларды ұлықтау арқылы жас ұрпаққа тағылым беру жөніндегі пікірін атап өтіп, Жалаңтөс Баһадүрдің ел тарихындағы орнына тоқталды. Сонымен қатар, айтыстың ұлт руханиятын көтерудегі маңызы ерекше екенін жеткізді.

Жыр додасына қазақ айтысының белгілі тұлғалары қазылық етті. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының» төрағасы Жүрсін Ерман, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков пен мәдениет қайраткері Кенжебай Жүсіп болды.

Айтыстың ерекшелігінің бірі – шараның жасанды интеллект көмегімен жасалған Жалаңтөс Баһадүр образындағы монологпен басталуы. Бұл тарихи тұлғаның бейнесін жаңа технология арқылы жаңғыртып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Жыр додасында әр ақын елдік, ерлік, тарих, ұлттық рух тақырыптарын кеңінен қозғады. Ақындар суырыпсалмалық шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерге де үн қосты.

Бұл айтыста Қарағанды облысының намысын қорғаған ақындардың өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Әсіресе, айтыссүйер қауымға жақсы таныс Мақсат Ақанов пен Дидар Қами сахнада жоғары деңгейде өнер көрсетіп, өңір абыройын асқақтатты. Қыз бен жігіт айтысының шебері атанып жүрген Мақсат Ақанов бұл жолы да суырыпсалмалық өнердің биік үлгісін көрсетіп, қарсыластарына ұтымды жауап қайтарып, көркем ой мен астарлы әзілді шебер ұштастыруы қазылар мен көрерменнің жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде қарағандылық ақын жүлделі ІІІ орынды иеленіп, айтыстағы кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал Дидар Қами Жалаңтөс Баһадүр атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Бұл ақынның ұлттық рухты жырлап, тарихи тақырыптарды терең толғай білетінін көрсететін үлкен жетістік.

Ералы ҒАНИ,

«QH»