ИПОТЕКАНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАРНАСЫН ӘКІМДІК БЕРЕДІ

Халықтың жағдайының жақсаруына негізі көп нәрсе керек емес. Баспана, қолайлы жұмыс, нарықтағы баланс. Әрине, мұндағы басты мәселе – баспана. Береке де, мереке де сонда. Ал, билік біз айтқан ең негізгі мәселені реттеуге һәм соған жағдай жасауға мүдделі. Сол мүддені жүзеге асыру мақсатында Қарағанды қалалық маслихаты тұрақты комиссияның кезекті жиыны өткізді. Онда тұрғынүй алу сертификаты кімдерге тиесілі және оның мөлшері қанша екені қарастырылды.

Қазақстан Республикасының «Тұрғынүй туралы» Заңына кейбір өзгерістер енгізілді. Яғни, заң бойынша еліміздің азаматтары тұрғынүй сертификатын алуға құқығы бар.

«2019 жылғы ереже бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасымен үй құнының 10 пайызы шамамен 1 000 000 теңге көлеміндегі тұрғынүй сертификатын алуға хақы бар. Ол үшін отбасы мүшелерінің әрқайсының орташа табысы 3,1, яғни, 106 336 теңгеден аспау керек», – деді Қарағанды қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Жанай Ысқақов.

Тұрғынүй сертификаттарын кімдер алады?

Айтайық:

Көпбалалы отбасылар;

Толық емес отбасылар;

Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғандар отбасылар.

Алайда, сертификат «Отбасы банкінің» мақұлдауынан кейін беріледі. «Тұрғынүй сертификат алу тәртібі мынадай: Алдымен азамат «Отбасы банкіне» өтініш білдіреді.

Қабылдағаннан кейін сатып алынатын үйді «Отбасы банкіне» кепілге қойып, мекенжайы мен алғашқы жарнаның құны көрсетіледі. Сосын тұрғынүй сертификатын алған жөніндегі хабарламамен Жұмыспен қамту бөліміне немесе тұрғылықты мекенжайы бойынша ХҚКО-на өтініш білдіреді», – деп түсіндірді Жанай Ысқақов.

Қалалық маслихат депутаттары, тұрғынүй сертификаты табысы орта деңгейдегі тұрғындарға өте қажетті қолдау екенін атап өтті. Қарағандыда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды тұрғынүймен қамтамасыз ету ауқымды мәселе. Бұл жөнінде БАҚ және әлеуметтік желіде түсіндірме жұмыстары жүргізілу қажетті айтылды.

«Депуттардың алаңдайтын негізі бар. Бүгін ресми түрде 150 миллион теңге бөлінген бағдарлама толықтай жүзеге асатынына кепіл берді. Біз барлығын жазып алдық. Бұл мәселеге тағы да қайта ораламыз», – деп ескертті Қарағанды қалалық маслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов.

Жиын соңында тұрғынүй сертификатын алу барысында тиісті органдарға жұмыс барысын яғни процедураны қысқартуға кеңес берілді.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ.