Интернет-алаяқтыққа қарсы цифрлық қорғаныс күшейтілуде

Қазақстанда интернет-алаяқтықпен күрес және азаматтардың жеке деректерін қорғау шаралары күшейтіліп келеді. Соңғы үш жылда интернет-алаяқтық қылмыстарының саны 40 пайызға азайған. Бас прокуратураның мәліметінше, мұндай қылмыстарды ашу көрсеткіші шамамен 30 пайызға өскен. Сонымен қатар зардап шеккен азаматтарға миллиардтаған теңге қайтарылған.

Жеке ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де бірқатар жаңа тетік енгізілді. Ішкі істер министрлігі дербес деректерді қорғаудың маңызын атап өтеді. Медициналық, банктік және басқа да маңызды деректер базасына қол жеткізу кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіру қолданылады. Ал маңызды нысандардың ақпараттық қауіпсіздігін бақылау Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүктелген.

Азаматтар интернет-алаяқтардан қорғану үшін тегін цифрлық сервистерді де пайдалана алады. Мәселен, eGov Mobile қосымшасындағы «Стопкредит» қызметі азаматтарға өз атына несие рәсімдеуден ерікті түрде бас тартуға мүмкіндік береді. 1 маусымдағы мәлімет бойынша, бұл қызмет алты миллионнан астам рет пайдаланылған.

Ал электрондық үкімет порталындағы қолжетімділікті бақылау сервисі жеке деректерді өңдеуге берілген келісімдерді тексеруге және қажет болған жағдайда кері қайтарып алуға көмектеседі. Бұдан бөлек, NomadGuard сервисі деректердің таралуы мен фишинг қаупін тексеруге арналған.

Мамандар азаматтарды жеке деректеріне мұқият болуға шақырады. SMS арқылы келген растау кодтарын, парольдер мен банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерді ашпау және аккаунттарда екі факторлы аутентификацияны қосу маңызды. Қарапайым сақтық шаралары интернет-алаяқтардың құрбаны болу қаупін азайтуға көмектеседі.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»