Инклюзия ізі: Қарағандыда қолдау жүйесі кеңеюде

Қарағанды облысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған әлеуметтік қолдау жүйесі жаңа деңгейге көтерілуде. Мемлекеттік инклюзивті саясат аясында өңірде кешенді қызметтер кеңейтіліп, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуіне бағытталған нақты тетіктер іске қосылуда.

Үкімет отырысында облыстағы инклюзия саласының дамуы туралы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің өкілдері есеп берді. Соңғы жылдары әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі артып, жаңа орталықтар мен сервистер біртіндеп қалыптасып келеді.
2022 жылдан бері өңірде әлеуметтік бейімдеу орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде тұрғындарға 12 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Оның ішінде жұмысқа орналастыруға көмектесу, заңгерлік кеңес беру, психологиялық сүйемелдеу сияқты бағыттар қамтылған. Бұл – тек әлеуметтік көмек емес, азаматтардың дербес өмір сүру қабілетін арттыруға бағытталған жүйелі қолдау.
Ерекше назар 18 жастан асқан менталды бұзылыстары бар азаматтарға аударылып отыр. Олар үшін алғаш рет облыста арнайы интеграциялық орталық ашылып, тұрмыстық және еңбек дағдыларын үйрету жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, бұл – олардың қоғамға бейімделуін жеңілдететін маңызды қадам.
Сонымен қатар күнделікті өмірде туындайтын қарапайым, бірақ маңызды мәселелер де назардан тыс қалмаған. Мысалы, көпқабатты үйлерде лифт жоқ жағдайда арбаға таңылған азаматтардың сыртқа шығуы үлкен қиындық тудырады. Осы түйткілді шешу үшін арнайы қызмет енгізілді.
– Бүгінде лифті жоқ үйлерде тұратын азаматтарды жоғары көтеріп-түсіру қызметі іске қосылды. Бұл – бұрын шешімі қиын болған, бірақ өте маңызды мәселе. Қазіргі таңда осы қызмет аясында 1 600-ден астам өтінім орындалды, – деді Нияз Сүндетәлиев, Qamqor plus мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар инклюзияны тек қағаз жүзіндегі саясат емес, нақты өмірде жұмыс істейтін жүйеге айналдырады. Әрбір қызмет – адамның үйден шығуына, қоғамға араласуына және өз мүмкіндігін жүзеге асыруына берілген мүмкіндік.
Қарағандыдағы бұл тәжірибе инклюзивті саясаттың тек әлеуметтік көмек емес, адам қадірін арттыратын кең жүйе екенін көрсетіп отыр. Ал алдағы уақытта мұндай қызметтердің ауқымы кеңейіп, жаңа бағыттар қосылады деп күтілуде.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»