Иммундау апталығы

Қарағанды облысында 21-27 сәуір аралығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Еуропалық иммундау апталығы өткізілді. Мұндағы негізгі мақсат – әр адамның ұзақ әрі салауатты өмір сүруіне ықпал ететін вакциналарға қолжетімділікті атап өту.

Мамандардың пікірінше, Қарағанды облысында 1 500 адам вакцинадан бас тартып отыр. Биыл қызылшамен ауырғандар саны артып, 67 пайызды құраған. Айта кету керек, олардың көбі – 1-5 жас аралығындағы бала. Ағымдағы жылы көкжөтелдің 84 фактісі тіркеліп отыр. Ал гепатитпен 16 адам науқастанып қалған. Мамандар осыған дейін вакцина алғандардың 95 пайыздан төмен түспегенін айтады. Қазір тұрғындардың тек 88-90 пайызы ғана егілген. Кешегі ковид пандемиясынан кейін вакцинадан бас тартқандардың саны күрт артқан, осы ретте қосымша вакциналау жүргізіліп жатыр. Екпе алатындардың көпшілігі – сырқатқа жиі шалдығатындар. Кезекті вакцина мүлде екпе алмаған адамдар мен балаларға жасалады. Осы ретте ата-аналарға вакцинаға мән беру, оны дер кезінде алу керегі ескертіледі.

– Мүлде екпе алмағандар көп ауырады. Болашақта ол балаларға инфекция түсіп, қызылша, панэнцефалит болып кетуі әбден мүмкін. Сіздер байқамағанмен, сырқат салдары 20 жылдан кейін көрінуі мүмкін. Сол себепті уақытылы екпе салдырған дұрыс деп кеңес береміз, – дейді Қарағанды облысы бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Гүлжан Байғұтанова.

Алайда екпенің кері тұстары да тіркелген. Аллергиясы бар адамның денсаулығы сыр беріп жатса, екпе алмағаны дұрыс. Әдетте екпенің кері әсері жай ғана қызарумен байқалуы мүмкін. Бірақ, мамандардың сөзінше, аллергия беріп жатса немесе онкологиямен ауыратындарға екпе салдыруға болмайды.

– Еуропалық иммундау апталығы жыл сайын Денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен дәстүрлі түрде сәуір айында жүргізіледі. Бұл апталық «Вакцина – өткен, қазіргі және болашақ ұрпақтың денсаулығын қорғау» атты ұранмен жүргізілуде. Халқымыздың салауатты өмір сүруі, осы жұқпалы аурумен ауырмауы үшін екпенің маңыздылығы айтылады. БАҚ арқылы да түсіндірілуде. Екпеден бас тарту қазіргі кезде көптеп тіркелген соң, қызылша, сондай-ақ көкжөтелмен ауырғандар саны артқан, – деп атап өтті Қазыбек би ауданы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Жанар Беркімбаева.

Айналамыздағы адамдар вакцина алып, 95 пайыз иммундық жүйе қалыптасса, екпе ала алмайтын адамдардың өмірін құтқара аламыз. Мамандар вакцинаға тәуелді инфекциялардың көп екенін де атап кетті. Қазіргі уақытта вакциналаудың нәтижесінде 21 сырқаттың қауіптілігін төмендетуге болады. Кейбір адамдар діни көзқарастарына байланысты екпе алмай жатады. Осыған байланысты қалалық әл-Машани мешітінің наиб имамы шариғатта екпеге тыйым салынбағанын еске салып өтті.

– Егер де сырқаттың қандай да бір жерде көбейгені, өскені байқалса, екпенің құрамында тыйым салынған дүниелер бола тұра, одан басқа екпе болмаса, осы тұрғыда шариғат рұқсат береді. Яғни құрамы тыйылған болса да, ем алу мақсатында шариғат рұқсат береді, – дейді наиб имам Қанат Рахметов.

Дөңгелек үстелді қорытындылаған санитар-эпидемиолог дәрігерлер мамандардың кеңесіне құлақ асу керек екенін және бір ескертті.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»