Игілігі мол бағдарлама
Өңірімізде халықты жұмыспен қамту іс-шаралары қарқынды түрде іске асуда. Айталық, бітіруші түлектер алдағы уақытта жұмыс табу мәселесін ойлап уайымдамаса болады. Себебі Қарағандыда «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» бағдарламалары жүзеге асуда.
Университет немесе колледж аяқтағаннан кейін бірден мамандық бойынша қызметке орналасып кету – қиын шаруа. Жұмыс берушілер, кәсіпкерлер жас мамандарды емес, еңбек өтілі мен тәжірибесі бар дайын мамандарды қабылдағанды жөн көреді. Сондықтан көп жағдайда түлектер қайда барарын білмей, болашағы үшін алаң болып қалатын кездері аз емес.
Алайда қазір мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірлерде жастарға арналған түрлі бағдарлама іске асырылып жатыр. Жоғарыда атап өткен «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» бағдарламалары жастар үшін өте тиімді. Талап бойынша, бағдарлама аясында жоғары не орта білімі туралы дипломы бар, алғашқы жұмыс орнын іздеп жүрген түлектер ғана қатыса алады. Сондай-ақ оқуды аяқтағанына 3 жылдан, ал жасы 29-дан аспауы тиіс.
Шаризада Абдирейм – биотехнолог мамандығын игерген жас түлек. Оның айтуынша, Халықты жұмыспен қамту орталығы оған жақсы жұмыс орны мен табысты жалақы ұсынып, өміріне оң өзгеріс алып келген. Мамандығы өзіне ұнағанымен, бұл салада жұмыс табу қиынға соғады екен.
– Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс табу өте ыңғайлы. Яғни түрлі өндіріс пен кәсіпорындарды шарлап жүріп жұмыс сұрап керек емес. Орталық барлығын сен үшін ұйымдастырып береді. Осы мүмкіндік үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына алғыс білдіремін. Жалақым да өте жақсы, жеткілікті. Қасымдағы қызметтес ұжымым мен өндіріс мүмкіндіктері жоғары деңгейде.
Қазіргі жұмыс орнымда мен ірімшіктің түр-түрін танып, олардың жасалу процесіне тікелей атсалысып жүрмін. Сонымен қатар мүмкіндік болған жағдайда өз жаңалығыммен де бөлісіп отыруға тырысамын, – дейді Шаризада.
Айта кетейік, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасы мүшелеріне, әлеуметтік жағдайы төмен, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандарға басымдық беріледі. Жобалардың талабына сәйкес, жұмыс беруші де Жұмыспен қамту орталығымен келісімшартқа отырады. Яғни ол кем дегенде 2 жыл көлемінде жобаға қатысушыны тұрақты жұмыспен қамтуы тиіс.
«Milkhouse» кәсіпкерлігі директорының орынбасары Арайлым Караулованың айтуынша, олар Халықты жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыста екен.
– Біз жастарды қолдауға әрдайым дайынбыз. Қазіргі жастар өте креативті әрі алға ұмтылады. Жаңа ой, жаңа қадам, жаңа ұсыныстар біздің жұмысты жетілдіре түседі. Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жақсы технологтер, биотехнологтер табамыз деп үміттенеміз. Мүмкін, олар да ірімшік бизнесіне қызығушылық танытып, өз істерін ашуға ниеттенетін болар. Себебі Қарағандыда бұл кәсіпте бәсекелестік жоқ, – дейді Арайлым Караулова.
Бағдарламаға қатысу үшін жас түлек те, кәсіпкер де тұрғылықты мекенжайы бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінуі тиіс.
Биыл өңірімізде «Жастар практикасы» арқылы 721 адамды қамту жоспарланып отыр. Ал «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша 238 адам жұмысқа орналаспақ.