«Халық заңгері» халыққа қызмет көрсетті

Заңдық тұрғыдан сауатты болу – әр азаматтың заңмен кепілденген құқығына өзгенің қол сұғушылығына жол бермеудің кепілі. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Халық заңгері» атты республикалық акция өтті. Ел бойынша қолға алынған бұл шара аясында Қарағандының заң саласындағы ең үздік мамандары қала тұрғындарына кеңес беріп, заңмен кепілденген құқықтарын түсіндірді.

Шарада мемлекеттік органдардың өкілдеріне де жүгінуге мүмкіндік жасалған. Аталмыш акция алғаш рет 2016 жылы ұйымдастырылып, бүгінде дәстүрге айналды. Тек қатаң карантин уақытында ғана тоқтатылған. Жұрт көкейінде жүрген көп сауалға жауап іздеуде белсенділік танытқандардың бірі Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті болды. Мұндағы мамандарға мәселесін арқалай келген тұрғындар жер салығы, мүлік салығы туралы, сол салықты мобильді қосымша арқылы төлеу туралы сауалдарын жеткізді.

Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының бас маманы Әсем Рахымжанның айтуынша, сарапшылар азаматтық және қылмыстық істер, тұрғын үй, еңбек, банк, жер, соның ішінде салық заңнамалары бойынша көп кеңес алған. Акция аясында Қарағанды облысының тұрғындары мен кәсіпкерлері салық және кеден мәселелері бойынша сараптамалық ақпармен қанықты. Қарағандылықтарды ЖК тіркеу, ЖСН тіркеу, E-Salyq Azamat және E-Salyq Business мобильді қосымшалары, алдағы салықтық міндеттемелер, мүліктік кірісті есептеу, жалпыға бірдей декларациялау және басқа да мәселелер қызықтырған.

«Халық заңгері» акциясы аясында жұрт жылдар бойы шешімін таппаған мәселелерін маманмен бірлесе шешу жолын тауып жатты. Қарағандылықтарды көбінесе жылжымайтын мүлікті рәсімдеу, мұра мен қаржыға байланысты бөлісу жағдайлары қызықтырған екен. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер де іскерлікке қатысты ілкімді жауапқа қанықты. Қарапайым халықтан құжаттардағы қателіктерге қатысты кеңес көптеп сұралды. Кезінде туу туралы куәлікте кеткен, еңбек кітапшасын тіркеуде кеткен ағаттықтардың алдын алу кеңестері айтылды. Акция қаладағы ірі сауда орталықтарында ұйымдастырылғандықтан, жұртқа бұл қолайлы болды. Сауда жасай барған жұрт заңдық сауалына жауап алып, тиімді іс тындырған.

2016 жылдан бастау алған «Халық заңгері» акциясына Қазақстанның барлық қаласы тартылған. Сол бастау алған жылдан бері бұл шараға жеті мыңнан астам үздік сарапшы мен мемлекеттік орган өкілдері қатысып келеді. Олардың сапында нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, полиция қызметкерлері, салық органдарының білікті мамандары бар. Осы күнге дейін жүз мыңнан астам адам кеңес алып үлгерді.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»