«Халық бухгалтері»: жаңа Салық кодексін түсіндіретін ашық алаң

2026 жылғы 5 қаңтардан бастап Қазақстанда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі бастамасымен «Халық бухгалтері» атты республикалық акция басталды. Жоба 2026 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады және жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне ақпараттық әрі консультациялық қолдау көрсетуге бағытталған.

Бастаманың басты мақсаты – кәсіпкерлерге жаңа талаптарды түсінікті тілмен жеткізу, бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу тәртібін нақтылап беру. Әсіресе «оңайлатылған декларация» режимі, шекті мән, қосылған құн салығы (ҚҚС) секілді ұғымдар төңірегінде сұрақ көп.

Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандарының айтуынша, бұрын «оңайлатылған декларация» режимінде жұмыс істеген кәсіпкерлер сол тәртіпті жалғастыра алады. Тек режимді қолдануды белсендіру (активациялау) қажет.

 

«Басында қатты састым…»

Қарлыға Манамбекова – 2010 жылдан бері сауда саласында жүрген жеке кәсіпкер. Алғашында базарда киім сатудан бастаған ол бүгінде сауда алаңдарын жалға алып, кәсібін кеңейткен. Жаңа Салық кодексі күшіне енгенде оның да көкейінде түрлі сұрақ туындаған.

– Басында қатты састым. Instagram мен TikTok-ты қарап отырып, ештеңе түсінбейсің. Сондықтан өзімнің қызмет түріме қатысты мәселені нақтылау үшін осында келдім. «Шекті мән», ҚҚС деген терминдер бізге аса түсінікті емес қой. «Халық бухгалтері» акциясына жүгіндім, мұнда маған бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Босқа үрейленудің қажеті жоқ екен, – дейді кәсіпкер.

Осындай пікірді Ержан Стамшалов та білдірді. Ол жеті жылдан бері ұялы телефондар мен аксессуарлар сатумен айналысады.

– Жаңа кодекс туралы күнде естиміз, бірақ нақты не өзгергенін білмей жүрдік. Жеткізушілерден қандай құжаттар қажет, әрі қарай қалай жұмыс істейміз – соны анықтағым келді. Кәсібімізді жалғастыра береміз, себебі бұл – біздің негізгі табыс көзіміз, – дейді ол.

 

Тегін кеңес, тікелей байланыс

«Халық бухгалтері» акциясының негізгі форматы – қалалар мен облыс орталықтарындағы мемлекеттік кірістер басқармалары базасында өтетін офлайн-қабылдау. Арнайы «Халық бухгалтері» маңдайшаларымен белгіленген орындарда кәсіби бухгалтерлер, аудиторлар, бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері және мемлекеттік кірістер органдарының тәжірибелі қызметкерлері тегін кеңес береді.

Қазыбек би ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Әсима Сахариеваның айтуынша, жоба жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілерін қолдауға бағытталған мемлекеттік бастама.

– «Халық бухгалтері» – бухгалтерлік және салықтық есепке алу, салықтық есептілікпен жұмыс істеу, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді пайдалану мәселелері бойынша тегін консультациялық көмек көрсетуге арналған, – дейді ол.

Мамандардың сөзінше, алғашқы айларда кеңес беру аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін жүргізіледі. 2026 жылдың наурызынан бастап 30 маусымға дейін аптасына екі рет ұйымдастырылады.

2026 жылғы ақпан айының ортасындағы мәлімет бойынша, акция аясында ондаған мың салық төлеуші тегін консультациялық көмек алған.

 

Бақылаудан – сервистік серіктестікке

«Халық бухгалтері» – салықтық әкімшілендірудің жаңа кезеңін білдіреді. Яғни қатаң бақылаушы модельден сервистік сүйемелдеуге көшу. Бұл – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үрдіс. Мұнда мемлекет салық төлеушіні әлеуетті құқық бұзушы ретінде емес, көмек қажет ететін серіктес ретінде қабылдайды.

Мамандардың пікірінше, жаңа Салық кодексін дұрыс түсіндіру – құқық бұзушылықтың алдын алудың және бизнестегі сенімді арттырудың тиімді жолы. Ал «Халық бухгалтері» акциясы – осы бағыттағы нақты қадам.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»