ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР КҮНІ
Қарағанды облысының театр ұжымдары Халықаралық театр күнін дүркіретіп атап өтті. Жалпы, 1961 жылы Халықаралық театр институты Вена қаласында өткен IX конгресте 27 наурызды, Халықаралық театр күнін, арнайы мереке ретінде бекіткен еді. Жыл сайын әлемдегі барша шығармашылық ұжым бұл күнді атап өтеді. Қарағандыда да бұл шараға Мәдениет басқармасынан арнайы қаржы бөлінеді. Суретші, сценарист, режиссер, жарық қоюшы, бір сөзбен айтқанда, театр өміріне қатысы бар кез келген адам бұл мерекені маңызды әрі мәнді деп санайды. Дегенмен биыл өңірдің театрлары мерекені әдеттегідей жеке-жеке емес, бірлесіп өткізуді шешіпті.
– Әр театрға он минут уақыт берілген. Әрқайсысы өзінің театрға деген, көрерменге деген ықыласын осылай білдіріп жатыр. Бұл іс-шара аясында Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Қайроллаұлының атынан тағайындалған арнайы жүлделер бар. Әр театр өз ішінен жыл бойы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан әртістерді алып келді. Көркемдік кеңестің шешімімен олар да марапатталады. Жалпы, Қарағанды театрлары үнемі бір-бірімізбен жақсы байланыстамыз. Жақсы режиссерлер келіп жатса, барып тамашалап, тәжірибе алмасу үшін шеберлік сағаттарын да өткізіп тұрамыз. Үлкен буын актерлері де әр мереке сайын құттықтап, әлі күнге дейін жақсы араласып тұрады, – дейді С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Құрман Қалымов.
Әр театр көрерменге арнап сахна өміріне қатысты қысқаша қойылым қойды. К.С.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театры Константин Сергеевичтің бейнесіне жан бітіріп, қазіргі өнердегі ауқымды мәселелерді қозғады. Ал С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры сахна сыртында көбіне елеусіз қалатын ұжым мүшелерінің жанайқайын әзілмен жеткізуге тырысты.
– Концерт тамаша өтті. Әртістердің жанын салғаны көрініп тұр. Әр нөмір мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Тек актерлер ғана емес, театрдың барлық қызметкері бүгін назардан тыс қалған жоқ деп ойлаймын. Жалпы, театр ешқашан сәннен қалмайды деп ойлаймын. Себебі бұл әуелі қоғамдағы мәдениетті сақтау үшін қажет. Ешқашан театр көрерменсіз қалады деп уайымдаған емеспіз, – дейді Қарағанды музкомедия академиялық театрының актері Алексей Абдраменков.
Кеш соңында өткен жылдың қорытындысы жасалып, үздіктер марапатталды. Үздік актер, режиссерден бастап жарық қоюшы мен шаруашылық бөлімінің меңгерушілеріне дейін марапатсыз қалған жоқ.
Өткен жылдың қорытындысында Сәкен театрының актері Кеңес Жұмабеков Президенттің мемлекеттік стипендиясын иеленген еді. Аталмыш датаға орай ұйымдастырылған концертте ол осы сыйлығын арнайы жүлде ретінде жас актриса Динара Айғазиноваға табыс етті.
– Қазақ айтпай ма «өле жегенше бөле же» деп. Сондықтан театрымыздың талантты жас актерлері көтеріле берсін, соларға жұғысты болсын деп өз атымнан осы алған премиямды сол көлемде бермекшімін. Мерекемен барша театр ұжымын және көрермендерді құттықтаймын, – деді Кеңес Жұмабеков.
Бұл мереке дәстүрлі түрде «Театр – халықтар арасындағы өзара түсіністік пен бейбітшілікті нығайту құралы» деген ұранмен өтеді. Жыл сайын әр театр өз шаңырағында атап өтетін еді. Биылдан бастап өңіріміздің шығармашылық ұжымдары бірлесе өткізуді дәстүрге айналдыруды көздеп отыр.
Нұрәсем АХАН,«QH»