Халықаралық йога күні

Қаламыздың Орталық саябағында Халықаралық йога күні аталып өтті. Жексенбі күнгі аптап ыстыққа қарамастан барлық ел үшін бірыңғай йога хаттамасының нысаналарын орындауға 360-тан астам адам жиналды.

Мерекені дәстүрлі түрде Қазақстандық йога академиясы ұйымдастырды.

– Биыл біз Халықаралық йога күнін осымен 10-рет атап өтудеміз. Биылғы жаңалық – балалар мен ата-аналардың бірлескен қойылымы. Бұл жыл бірлікке арналған. Осы шара арқылы біз ортақ істің ата-аналар мен балаларды біріктіретінін көрсетеміз. Йога хаттамасы Халықаралық йога күні туралы резолюциямен бірге қабылданды және ол барлық елде біркелкі. Йога күні 177 елде аталып өтеді, – дейді Қазақстандық йога академиясының нұсқаушысы Олеся Бойченко.

Мерекеге алдын ала тіркелгендер футболка алды. Ұйымдастырушылар қатысқандардың барлығына демеушілердің көмегімен тегін су үлестірді.

Йога хаттамасының жаттығулары барлығына қолжетімді болды. Оларды кіші және аға буын орындады.

Негізгі бағдарламадан кейін академия оқушыларының көрсетілімдері басталды. Әдеттегідей барлық көрерменді сәбилерімен келген аналар таң қалдырды.

Қарағанды қаласының тұрғыны Оксана Фигурина йогамен 2015 жылдан бері айналысады, бүгін ол саябаққа отбасымен бірге келген.

– Мен йогаға 2015 жылы келдім. Бұл менікі екенін бірден түсінбедім, бірақ екі айдың ішінде йоганың рухани және спорттық тұрғыдан менікі екенін түсіндім. Мен жүкті әйелдерге арналған йога академиясына бардым. Бүгін ұлымның туғанына 40 күн болды, оны нәресте йогасына апардым. Йоганың арқасында тыныштық таптым деп сенімді түрде айта аламын және осы йоганың арқасында екі баламды өмірге әкелдім деп ойлаймын, өйткені ұзақ уақыт бойы біз нәрестелі бола алмадық. Біз йоганың кезеңдерінен әрі қарай өтуді жоспарлап отырмыз. Жыл сайын Йога күнін мерекелеуге келіп қатысамыз. Мен барлығына йогаға қатысуға кеңес беремін. Сіз жай ғана келіңіз, көріңіз, содан бұл ортаға қалай сіңіп кеткеніңізді білмей қаласыз. Менің ойымша, бізде йога жақсы дамыған, – дейді Оксана Фигурина.

Оксананың төрт жастағы үлкен қызы Арина йогадағы сүйікті жаттығуларын атап өтті, олар: ағаш және тұмсығымен төменге қарап тұрған ит позалары.

Мереке вегетариандық тәттілермен аяқталды. Биыл Халықаралық йога күнін Қазақстанның 30 қаласы атап өтті.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»