Халық аманатын арқалайтын партия

Басты міндет — халықпен кері байланысты күшейтіп, «Аманат» болып қайта жаңғыру. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек «Amanat» партиясының облыстық филиалы активінің жиналысын өткізді. Елдегі жетекші саяси күштің басты міндеті — ең алдымен, әрбір азаматтың пікірін тыңдауға бағытталған өзгерістер мен реформалар.

Облыс әкімінің айтуынша, партия мүшелерінің барлық жұмысы проактивті форматқа көшіріледі. Ол үшін шалғай елді мекендерге де жететін жылжымалы қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылады. Қоғам белсенділері мен қоғамдық пікір көшбасшыларынан тұратын қоғамдық кеңестер мен бастауыш партия ұйымдарының құрамы жаңартылатын болады.

— Халықтың санасын саясиландыру жүріп жатыр. Саяси бәсекелестік жеделдеп, кеңейетіні заңды. Мұндай жағдайда партия уақыт сынқатерлеріне төтеп беріп, қажетті саяси күш болып қала беруі тиіс. Басты міндет — халықпен кері байланысты күшейту, лайықты жұмыс атқару. Бастауыш партия ұйымдары басты диалог алаңына айналуы тиіс. Облыста 459 бастауыш партия ұйымы бар, оған 86 мың адам мүшелік етеді, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Жиын барысында «ЦентрПромстрой» ЖШС бастауыш партия ұйымының Теміртау қалалық филиалы төрағасы Михаил Коновалов алдағы жоспарларымен бөлісті.

— Жақын арада бастауыш партия ұйымы төрағаларының белсенділігі мен жауапкершілігін арттыру үшін олардың жұмысын бағалау рейтингісін енгізу жоспарлануда. Меніңше, бұл — трансформация жолындағы ең оңтайлы шешім. Сондай-ақ креативті жастардың әлеуетін іске асыру үшін мобильді партиялық қосымшаны және «Партиялық контент — фабрика» жаңа жобасын іске қосу да өзекті, — деді Михаил Коновалов.

— Халықпен кері байланысты арттыру маңызды. Фракция мүшелері тек аудандық және облыстық деңгейде ғана емес, шалғай ауылдарға да барып, тұрғындардың пікіріне құлақ асуы тиіс. Жұртшылықты толғандыратын мәселелер мәслихаттарда талқыға салынып, шешімі табылуы керек. Ең бастысы — депутаттық мандат емес, қоғамның партияға деген сенімі екенін есте ұстаған жөн, — деді партияның Нұра аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясының жетекшісі Данияр Алшынбаев.

«Jas Otan» жастар қанатының жұмысы түбегейлі қайта қаралып, күшейтілетін болады. Сонымен қатар қазіргі уақытта өңірде 35 адамнан тұратын жас депутаттар корпусы жұмыс істейді. Олардың барлығы қоғамдық- саяси өмірге белсене қатысуда.

Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне сервистік бағдарланған тәсіл енгізілетін болады. Өтініш берушілер өтініштерінің орындалу барысын онлайн- режимде бақылай алады. Кейіннен партиялық экожүйеге интеграциялай отырып, жаңа медиада азаматтардың шағымдары мен сұраныстарына мониторинг жүргізу жүйесі әзірленеді. Осыған байланысты партия жаңа екі жобаны іске қосады. Бұл — қоғамдық көңіл-күй мен әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтауға арналған «Әлеумет». Сондай-ақ «Жаңа Қазақстан үшін 30 инновациялық идея» жобасы аясында сарапшылар мен белсенді азаматтардың ұсыныстары қаралатын болады. Халықты толғандыратын ең өзекті мәселелер «Talqylau» жаңа диалог алаңында талқыға салынады.

Партияның тағы бір мақсаты — халыққа адал қызмет етуге дайын саясаткерлердің жаңа буынын даярлау. Ол үшін бастауыш партия ұйымдары төрағаларын бағалау рейтингісі енгізілуде. Өз қызметінің ашықтығын арттыру үшін «Amanat» барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттар қызметінің рейтинг нәтижелерін жариялауды жоспарлап отыр. Дауыс беруге қатысуға, сондай-ақ партияның жұмысы туралы жедел ақпарат алуға, өтініштер мен ұсыныстарды партиялық мобильді қосымша арқылы беруге болады. Оған қоса партиялық баспасөз орталығын құру жоспарлануда, онда депутаттар мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің брифингтері өткізіледі.

— Партияның өткен съезінде айтылған міндеттерге сүйене отырып бірқатар тапсырма беремін. Атап айтқанда, партия филиалдары төрағаларының орынбасарлары қоғамдық кеңестердің құрамы мен жұмыс жоспарларына талдау жүргізсін, олардың облыстық және аудандық деңгейдегі санын қайта қарасын. Бастауыш партия ұйымдарының төрағаларын бағалау рейтингісін енгізу арқылы жұмысын жандандыру қажет. Жергілікті атқарушы органдардың, партияның жастар қанатының өкілдерімен бірлесіп, шалғай елді мекендерде жылжымалы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын ұйымдастырсын. Партияның мобильді қосымшасы әзірленіп, «Talqylau» диалог алаңы құрылатын болады, осыған байланысты барлық филиалдағы ең беделді өкілдерімізді тарту қажет. Депутаттық фракциялардың отырыстарында сайлауалды бағдарламаның жол картасы бойынша орындалмаған тармақтарды қарау керек. Мемлекет басшысы осыған байланысты нақты тапсырма берді. Біз өзімізге жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруымыз қажет. Барлық партиялық жобаның іске асырылуын бақылауға алып, жаңаларының сапалы орындалуын қамтамасыз етсін, — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар рейтинг қорытындысы бойынша партиялық резервтегі үміткерлермен алмастыру үшін көрсеткіштері төмен депутаттардың мандаттары қаралатын болады. Сондай-ақ «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» партиялық бағдарламасын өзектендіру жүргізіледі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимылдың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы қайта қаралады.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»