Гуманитарлық көмек жіберілді

Қостанай облысындағы алапат өрттің зардабын жеңілдетуге бүкіл ел хал-қадірінше үлес қосып жатыр. Сауапты істен Қарағанды облыстық «Amanat» партиясы мен партияның «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері де қалыс қалмады. Аймақтағы партия филиалы ғимараттарында және «Достық» үйінде гуманитарлық көмек жинау орталықтары ашылып, көптің көмегі қостанайлықтарға жіберілді.

Елдің ықыласы да айрықша болғаны аңғарылады. Көмек жинау туралы ақпарат тараған соң, небәрі бір тәуліктің ішінде қарағандылықтар 10 млн теңгеге жуық қаржы жинапты. Одан бөлек дүйсенбінің кешінде-ақ 10 тоннадан астам көмектің алғашқы легі Қостанайға жолға шықты. Қарапайым халықтан өзге кәсіпкерлер де өз көмегін ұсынған. Арасында құрылыс материалдарын беремін деп ниет білдіргендер бар.

Кешке Қарағанды облысының атынан Қостанай облысына алғашқы гуманитарлық көмек жолдау жоспарланып отыр. Тұрғындар жаппай келіп көмектесіп жатыр, қаржылай көмектесе алмағандар көмегін жүк артуға, басқа да көмектерін ұсынып жатыр, дейді «Amanat» партиясы ҚОФ қоғамдық қабылдауының жетекшісі Нұрсұлтан Шаменов.

Орман өрттерінен зардап шеккендерге көмек барлық қала мен аудандардан жиналуда. Алғашқы күні-ақ гуманитарлық жүк тиелген екі жүк көлігі жөнелтілді. Атап өткен жөн, бірінші партияға қажеттінің бәрі кірді, атап айтқанда: тамақ, жеке гигиена құралдары, дәрі-дәрмек, киім және т.б.

Көмек көрсету үшін кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер біріктірілді. Көмек қабылдау пункттерін «Amanat» партиясының барлық филиалы, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен «Достық» үйі де ашты.

– 4 қыркүйекте өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету штабтары Қарағанды облысындағы «Amanat» партиясының барлық филиалында таңғы 9-да ашылды. Ақпарат бірден тарады. Кәсіпкерлер, партиялықтар және жай ғана жанашыр адамдар өз үлестерін қосуға ниет білдірді. Олар қоңырау шалып, көмек көрсетуде, – дейді «Жастар рухы» Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ержан Хамитов. – Сондай-ақ жастар белсенділері, еріктілер қосылды.

Еске салсақ, Қостанай облысында 2 қыркүйекте алапат орман өрті тұтанып, жанындағыны түгел жалмаған. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, Аманқарағай ауылынан бөлек Озерный ауылында алты үй өртеніп, 250 адам басқа жаққа көшірілген. Калинин ауылынан 228 тұрғын, Лесной ауылынан 363 адам эвакуацияланған. Ведомство 5 қыркүйекте Бағаналы ауылына да өрт қаупі төніп, тұрғындарды басқа жаққа көшіру басталғанын хабарлады.Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин Аманқарағай ауылында 1936 жылы туған мүгедек адам қаза тапқанын айтқан. Министр тұрғынның жергілікті инспектордың эвакуациялау ұсынысынан бас тартқанын мәлімдеді. ТЖ министрлігінің мәліметінше, он адам жараланған. Зардап шеккендердің бесеуі – тұрғын, оның ішінде біреуі – кәмелетке толмаған бала. Сондай-ақ орман шаруашылығының бір қызметкері, әкімдіктің бір жұмысшысы және ТЖ министрлігінің үш қызметкері жарақаттанған.

Расул Мұхаммед,

«QH»