Гран-при қарағандылықтарда
Қазақстанда алғаш рет дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің оқушылары арасында роботтар фестивалі өткізілді. Ол Сүлейман Демирел атындағы университеттің базасында өтті. 44 команда қатысты, еліміздің әр өңірінен 200-ге жуық оқушы бақ сынасты. Қарағанды облысының намысын бес команда қорғады. Олардың барлығы үздіктер қатарында болды.
«Роботтарды жобалау» санатындағы Гран-при иегері Н.Нұрмақов атындағы ММЛИ командасы болды. Жеңімпаздар Қазақстан ұлттық құрамасына қабылданып, Халықаралық робот жасаушылар байқауына жолдама алды.
Аталмыш мектептің тағы бір командасы «Инновациялық жобалар» санатында бірінші орын иеленді. Ақпараттық технологиялар ММЛИ оқушылары бірінші және үшінші орын алды, ал «Мұрагер» ММЛИ екінші орын иеленді.
Роботтар фестивалін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен «USTEM Robotics» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Жарыс FIRST халықаралық ережелері бойынша өткізілді.