Газдандыру қарқыны артып келеді

Қарағанды облысында елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Биыл өңірде газ тарату желілерін кеңейтуге және жаңа елді мекендерді көгілдір отынға қосуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді газдандыру үдерісін жеделдету жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.

Үкімет отырысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдегі газдандыру жұмыстарының барысы мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Облыс әкімінің айтуынша, бүгінгі күні өңірде жалпы ұзындығы 647 шақырым газ тарату желісі салынды. Соның нәтижесінде 16 мыңнан астам жеке тұрғын үй табиғи газға қосылды. Сонымен қатар Теміртау қаласын толық газдандыру жұмыстары аяқталып, қала көгілдір отынмен толық қамтамасыз етілген алғашқы өңірлердің біріне айналды.

– Бүгінде Қарағанды облысында газдандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Осы уақытқа дейін 647 шақырым газ тарату желісі салынып, 16 мыңнан астам тұрғын үй табиғи газға қосылды. Теміртау қаласында газдандыру жобасы толық аяқталды. Биыл бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, Қарағанды қаласында, сондай-ақ Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет аудандарындағы елді мекендерді көгілдір отынмен қамтуға басымдық береміз. Газдандыру – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартатын әрі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды инфрақұрылымдық жоба, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Биыл өңірдегі газдандыру жобаларын іске асыруға 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жоспарға сәйкес тағы 150 шақырым газ тарату желісі салынады. Жұмыстың негізгі бөлігі Қарағанды қаласында жүргізілмек. Сонымен қатар Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет және өзге де аудандардағы ауылдарды табиғи газға қосу бағытындағы құрылыс және жобалау жұмыстары жалғасады.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов газдандыру жұмыстарының тиімділігі тартылған құбырлардың ұзындығымен емес, табиғи газға нақты қосылған тұрғын үйлердің санымен бағалануы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан халқының шамамен 65 пайызы табиғи газға қол жеткізген. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін жеткізу міндетін қойған. Осыған байланысты өңірлерде магистральдық және тарату желілерінің құрылысы өзара үйлестіріліп, газдың елді мекенге ғана емес, әрбір тұрғын үйге дейін жетуі қамтамасыз етілуі тиіс.

Қарағанды облысында жүзеге асырылып жатқан газдандыру жобалары халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, экологиялық ахуалды оңалтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек. Көгілдір отынмен қамтылған елді мекендердің саны артқан сайын тұрғындардың өмір сүру қолайлылығы да айтарлықтай жақсара түспек.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»