Газ есептейтін құрал тегін орнатылады

«Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталды. Ол үшін ел қазынасынан 56 миллиард теңге қаржы бөлінді. Ендігі міндет – әр үйдің іргесіне жеткізу. Бірақ бұл жұмыс пандемия салдарынан тұралап қалады.

Жобаға бөлінген 900 миллион теңге қаржы індетпен күрес жүргізуге жұмсалып, құрылыс кестеден бір жылға кешіккен. Дегенмен ештен кеш жақсы. Қазір Қарағанды облысы бойынша жоспарланған 1 530 шақырым газ құбырының 129 шақырымы тартылды. Яғни ауқымды жұмыстың алғашқы кезеңі аяқталуға жақын. Тұрғындардың айтуынша, табиғи газға қосылу үшін шамамен 600- 800 мың теңге шамасында ақша керек. Бірақ бұл қаржыны қалтасы көтермейтіндерге жеңілдіктер қарастырылған. Екінші деңгейлі екі банк арқылы бөліп төлеуге мүмкіндік беріліп отыр. Ал газ есептейтін құрал тегін орнатылады. Мамандардың есебінше, аумағы 100 шаршы метр болатын үйді жылыту үшін ай сайын орташа есеппен 18-20 мың теңге шамасында ақша жұмсайсыз. Көмірдің әр тоннасы 15 мың теңгеге жеткенін ескерсек, газ жағу тұрғындарға тиімді болып тұр.

– Қазір үйіміз өте жылы. Басқару пульті арқылы керек температураны қойып аламыз. Бұған дейін зәулім үйді жылыту үшін жыл сайын 10 тоннаға жуық көмір жағып келдік. Енді ол бейнеттен құтылатын болдық, – дейді газға ең алғаш қосылған қала тұрғыны Бейбіт Елубайұлы.

Қазір облыс бойынша 2 472 үй газға қосылуға дайын, техникалық шарттары берілген. Ал алдағы үш жыл ішінде 4 500 отбасы көгілдір отынның қызығын көрмек. Келесі кезеңде өңірдегі ең ірі кәсіпорындарды да отынның осы түріне көшіру көзделіп отыр. Себебі Қарағанды облысындағы ірі кәсіпорындар жыл сайын 600 мың тоннаға жуық зиянды заттарды ауаға таратады екен. Оның 90 проценті өңірдегі екі алпауыт компанияға тиесілі.

– Алдағы 1,5-2 жыл ішінде өндіріс ошақтарын жаппай газға көшіруді ойластырып отырмыз. Ең әуелі металлургиялық комбинаттан бастаймыз. Егер бұл жоспарымыз сәтті жүзеге асса, 2025 жылы қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтар 30 пайызға азаяды. Жалпы газдандыру жобасы келешекте өңірдің экологиясын жақсартуға үлкен серпін бергелі тұр, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қазір газдың нақты құны белгіленді. Әр текше метрі 40 теңге 94 тиын болды.

Жыл соңына дейін облыста газ тұтыну көлемі 80 мың текше метрге жетеді деген жоспар бар. Оның тең жартысы Қарағанды қаласына тиесілі, қалғаны Теміртау мен Жезқазғанның еншісінде. Жоба 2035 жылы аяқталуы тиіс. Сол кезде облыстағы 145 елді мекеннің 1 миллион 200 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынмен толық қамтылатын болады.

Асыл АЙБЕК,

«QH»