Газға қосылу қолжетімді
Қарағанды облысында орталық газға қосылу қолжетімді бола түсті. Өңірде арнайы бағдарлама іске қосылды. Тілек білдірушілер Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы арқылы 5 жылға пайызсыз несие ала алады. Оны ресімдеу мүмкіндігінше жеңілдетілген.
Бұл бағдарламаны алғашқылардың бірі болып Қарағанды тұрғыны Сәния Нығматуллина пайдаланды.
– Біздің Речный көшесіне газды қыс басталмас бұрын жеткізген болатын. Үйімізге көгілдір отын құбырын көктемде тартпақ боп шештік. Енді, міне, осындай керемет мүмкіндік пайда болды. Мен бағдарлама туралы әлеуметтік желілерден оқып, бірден «ҚазТрансГаз Аймаққа» техникалық шарт алуға бардым. Газға қосылғанымызға екі күн болды. Сома 749 мың теңге болып шықты. 5 жыл бөліп төлейміз, ай сайынғы төлем 12 500 теңге. Барлық құжат тез ресімделеді, өңделеді. Көршілер келіп қарап, енді қазір олар да құжат жинап жатыр, – деді Қарағанды тұрғыны.
Сәнияның айтуынша, ол жастайынан көмірмен жылытылатын жер үйде тұрып келеді. Ал қазір газға көшудің ыңғайлылығын бағалады.
– Енді уақытылы жақсы көмір сатып алу керек деп алаңдамаймыз. Таңертең үйден уайымсыз кете беруге болады және күні бойы пештегі көмір қалай жанып жатқанын қадағалаудың қажеті жоқ. Таза, күл шығарып та керек емес, – дейді Сәния.
Биыл бағдарлама 300 үйге арналған. Болашақта 500-ге дейін артады.
– Әрине, бұл – жақсы қадам. Адамдарға бірден көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар сапасына мемлекет кепілдік береді. Біз бағдарламаның операторымыз. Бұл – республикадағы пилоттық жоба. Облыстық бюджеттен қаражат бөлінді, – деп түсіндірді Қарағанды облысының Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүйсембаев. – Несие ресімдеу барынша қарапайымдатылды. Барлығы тұрғындардың ширақтығына байланысты. Барлық құжат дайын болса, жұмысты толық тиянақтауға шамамен 10 күн кетеді.
Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін де қолдау бар. Бірқатар санат үшін 300 мың теңге мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылған.
Облыс орталығының тұрғындарын газдандыру кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бүгінде қызмет 4 мыңнан астам абонентке қолжетімді, оның төрттен бір бөлігі техникалық шарттарын алды. Газға 808 үй қосылды.
Желілер құрылысы жалғасуда. Биыл үшінші кезекті аяқтау көзделіп отыр, бұл тағы 2 057 тұрғын үйді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі