Гүл шоқтары екі есеге дейін қымбаттады

Әйелдердің халықаралық мерекесі — 8 Наурызда Қарағандыда гүл шоқтары бірден екі есе қымбаттаған. Бұған, біріншіден, сұраныстың көп болуы әрі өзге де сыртқы факторлар әсер еткен. Дүкендер желісінің қожайыны Сүндет Қайроллапов гүлді Голландиядан алдырады екен. Аса ірі көлемде әкелетіндіктен алыпсатарлардың қызметіне жүгінбейді. Соған қарамастан голландтықтар бағаны тым көтеріп жіберген көрінеді. Оның үстіне, логистикалық шығынды қосыңыз, яғни тасымалдау құны күрт қымбаттаған. Теңгенің доллар мен еуроға шаққандағы құнсыздануы тағы бар. Флористердің айтуынша, көктемнің символы қызғалдақ болғанымен, қазір раушан гүлдерінің бағасы көз ілеспес жылдамдықпен өсіп жатыр. Қазір орташа санаттағы раушан гүлінің әр данасы 1 500 теңге шамасында сатылып жатыр. Ал 8 Наурыз күні 2 000-ға дейін көтерілген. Қызғалдақтың әр талы өткен жылы небары 200–300 теңге болса, биыл 800–1 000 теңге арасында саудаланды. Бірақ шарықтаған бағаны елеп жатқан ешкім жоқ. Бұл күні базарда гүл саудасы қызды. Ер-азаматтар нәзік жандылардың көңілін табу үшін барын салды. Жылыжай иелерінің сөзінен аңғарғанымыз — ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін отандық гүл өсіру бизнесін мықтап қолға алу керек.

Асыл АЙБЕК,

«QH»