Ферроқорытпа зауытында оқыс оқиға
Ферроқорытпа зауытында оқыс оқиға кезінде зардап шеккен қызметкерлердің бірі алған жарақаттардың салдарынан ажал құшты. Бұл туралы Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
– Дәрігерлердің салған барлық күш-жігеріне қарамастан Қарағанды ферроқорытпа зауытында зардап шеккен қызметкерлердің бірін өлім аузынан арашалап қалу мүмкін болмады. 1993 жылы туған ер адамның денесін 85% терең күйік шалған. Осы уақытқа дейін бұл науқас өте ауыр жағдайда болып қайтыс болды, – делінген хабарламада.
Естеріңізге салайық, 20 шілде күні сағат 04:10-да YDD Corporation ферроқорытпа зауытында кенеттен жалын шығып, 8 жұмысшы әртүрлі дәрежеде жарақат алған болатын. Қалған зардап шеккен 5 адамның жағдайы әлі де өте ауыр. 2 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Бүгінде Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытындағы апатқа байланысты арнайы комиссия тексеріс жүргізуде.
Зауыттағы оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Апатқа байланысты тергеу жұмыстары аймақ басшысының тұрақты бақылауында. Комиссия құрамында мемлекеттік инспекторлар, өндірістік қауіпсіздік, төтенше жағдайлар департаментінің, құқық қорғау органдарының өкілдері және жұмысшылар бар.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»