Фейк: «Радиоактивті ПТР сынақтары»

Қазнетте тараған бейнеролик авторы ПТР талдауына биоматериал алуға арналған стикпен сәуле өлшеуіштің үстінен өткізеді, осы кезде құрылғы дыбыс шығарып, сандар көрсетеді. Автордың айтуынша, бұл шекті нормадан асып кеткендіктің белгісі. Осыдан пайдаланушылар ПТР сынақтарын алуға арналған стиктер радиоактивті деген қорытынды жасайды. Бұл олай емес.

Шын мәнінде, биоматерал алуға арналған стикте радиоактивті компоненттер жоқ және болмайды. Мұндай медициналық құрылғылар жасалуы тиіс материалдар нақты көрсетілген ұсыныстар бар. Мысалы, АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) ресми сайтында жарияланған нұсқаулықта биоматериалдар алуға арналған стиктер синтетикалық талшықтардан, атап айтқанда, полиэстерден немесе вискозадан, ал олардың өзектері тығыз пластиктен жасалуы керек делінген.
Сондай-ақ, Желіде әртүрлі өндірушілердің ПТР тестілеу жиынтықтарының сипаттамаларын көруге болады. Онда жиынтықтың әр элементі неден жасалғандығы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілген және олардың ешқайсысына радиоактивті элементтер кірмейді.
ПТР сынақтарының радиоактивтілігі туралы миф бұған дейін нақты уақыт режимінде осындай талдау жасау үшін радиоактивті изотоптар қолданылғандықтан шыққан болар. Алайда, олар биоматериал алуға арналған стикте болмаған, кейін зертханада талдау кезінде қолданылған. Ал қазіргі кезде ПТР талдауын жүргізу үшін радиоактивті изотоптар пайдаланылмайды. Олар көбінесе флуоресцентті бояғыштар болып табылатын арнайы маркерлермен алмастырылды.
Сондай-ақ, таратылған бейнеде құрылғының толығымен көрсетілмегеніне және кадрда көрінетін жазулар оқылмайтынына назар аударуымыз керек. Демек, қандай құрылғы екенін және ол иондаушы сәулелену көрсеткіштерін өлшейді деп сеніммен айту мүмкін емес. Сонымен қатар, видеода ПТР талдауына арналған стикті жақындатқанда құрылғының іске қосылуына кадрдан тыс әрекет жасалуы ықтимал.
Демек, видеоны шынайы деп санауға болмайды. ПТР тестілеу стиктерінің радиоактивті екендігіне сенімді және сөзсіз дәлелдер жоқ. Керісінше, бұл медициналық құрылғылардың неден жасалғандығы туралы қолда бар мәліметтер оларда радиоактивті элементтер жоқ екенін көрсетеді.
COVID-диссиденттер ПТР сынақтарының денсаулыққа қауіпті қасиеттері бар деп бұған дейін де мәлімдеген. Мәселен, бұрын қазақстандықтар биоматериал алуға арналған стиктерде нано-роботтар, моргеллон құрттары, гидрогель және бедеулікке әкелетін канцероген бар деген идеяларды алға тартқан.