Фейк: «Конституцияға түзетулер енгізілгенен кейін адамдардың жеке меншігін мемлекет басқаратын болады»

Желіде референдумда Конституцияға түзетулер қабылданған жағдайда, адамдардың жеке меншігін депутаттар мен мемлекет өкілдері басқаратын болады деп жазуда. Бұл өтірік.

Жалпы түзетулер саны – 35. Олардың ешқайсысы азаматтардың жеке меншігін жоюға немесе оны мемлекетке беруге қатысты емес.

Telegram чаттарға қатысушылар жазған түзету келесідей:

«6-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.».

Әділет министрлігінің хабарлауынша, бұл азаматтардың жеке меншігі мемлекетке беріледі дегеннің белгісі емес.

Сондай-ақ, олар соттың шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайтынын атап өтті. Заңда көзделген ерекше жағдайларда мемлекет қажеттілігі үшін мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару оның құны тең бағамен өтелген жағдайда жүргізілуі мүмкін (Конституцияның 26-бабының 3-т.).