Еуропа кубогындағы екі алтын
Түркияның Анталья қаласында кадеттер арасында өткен дзюдодан Еуропа кубогында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетті. Ұлттық құрама жалпы есепте 16 медаль жеңіп алып, командалық есепте көш бастады. Оның алтауы алтын, үшеуі күміс, жетеуі қола жүлде. Айта кетерлігі, екі алтын жүлдені Қарағанды облысының спортшылары иеленді.
Халықаралық турнирге әлемнің 21 елінен 550 жас дзюдошы қатысты. Оның ішінде 328 ұл және 222 қыз спортшы бақ сынады. Бәсеке жоғары деңгейде өтіп, әр салмақта мықтылар анықталды.
73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарағандылық Еркен Бекқали үздік атанып, алтын медальді жеңіп алды. Ол – Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеттің студенті. Болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы Шет ауданында дүниеге келген. Дзюдодағы алғашқы қадамдарын Ағадыр кентіндегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бастаған.
Қарағанды құрамасының тағы бір алтын жүлдесін +90 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әділжан Жәудінов қоржынға салды. Ол облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі «Жас Сұңқарда» жаттығады. Финалдық белдесуде қарағандылық спортшы Өзбекстан өкілі Әлібек Дірдиевті сенімді түрде жеңді. Айта кету керек, бұған дейін Әділжан осы қарсыласына Азия кубогында және Бахрейнде өткен Азия ойындарының финалында жол берген болатын. Антальядағы жеңіс оның шеберлігі мен табандылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
– Еуропа кубогындағы жеңіс біз үшін өте маңызды. Әділжан эмоциясын жақсы бақылап, әр белдесуге жауапкершілікпен қарайды. Халықаралық жарыстар спортшылар үшін үлкен тәжірибе жинақтайтын әрі Олимпиада ойындарына апарар жолдағы маңызды кезең, – дейді спортшының жеке бапкері әрі Қазақстанның дзюдодан олимпиадалық құрамасының жаттықтырушысы Алмас Несіпберлі.
Еуропада өткен турнирге дайындық шамамен алты айға созылған. Алдағы уақытта спортшыларды бірқатар халықаралық жарыстар күтіп тұр. Соның ішінде Әзербайжанда өтетін турнир мен осы маусымның басты бәсекесі Дакарда өтетін жасөспірімдер Олимпиада ойындары бар.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

