Ескі ағашқа жаңа өмір: Қарағанды көркейіп келеді
Қарағанды қаласында көшелер мен қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында биыл шаһардың түрлі аудандарына гүл құмыраларын орнату жұмыстары қарқын алғанын хабарлады.
Бір ерекшелігі, орнатылып жатқан құмыралардың барлығы бірдей граниттен жасалмаған. Олардың бір бөлігі ағаштан құрастырылған. Бұл жұмыстарды Орталық саябақтар басқармасының мамандары өз күштерімен жүзеге асырған.
Жоба барысында жаңа материал сатып алынбаған. Бұрын қоғамдық мұз айдындарының қоршауы ретінде пайдаланылған ағаш тақтайлар мен брустар қайта өңделіп, кәдеге жаратылды. Уақыт өте келе негізгі қызметіне жарамсыз болған ағаш материалдар қоқысқа тасталмай, қайта өңдеуден өткізіліп, жаңа бұйымға айналған.
Мамандар ағаштарды бөлшектеп, ретке келтіріп, арнайы өңдегеннен кейін олардан сәнді гүл құмыраларын жасап шығарды. Қазір бұл құмыраларға түрлі-түсті петуния гүлдері отырғызылып, қала көшелеріне ерекше көрік беріп тұр.
Мұндай бастама бір жағынан қаланы көркейтуге үлес қосса, екінші жағынан ресурстарды тиімді пайдалану мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қайта өңдеу қағидаты негізінде жүзеге асқан жоба қоршаған ортаға ұқыпты қараудың жақсы үлгісі саналады.
Биылғы маусымда Қарағандының әртүрлі аудандарына осындай 60-қа жуық ағаш гүл құмырасын орнату жоспарланған. Қазірдің өзінде олардың бір бөлігі қала көшелері мен демалыс орындарында тұрғындардың көзайымына айналып үлгерді.
Саябақтар басқармасының қызметкерлері гүлдердің жайқалып өсуі үшін күн сайын күтім жұмыстарын жүргізуде. Мамандар гүлдерді тұрақты түрде суарып, жаңартып, олардың жағдайын бақылап отырады.
Қаланы көркейтуге бағытталған мұндай игі бастамалар Қарағандының келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың туған шаһарына деген жанашырлығын арттыруға да ықпал етеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

