Есірткімен күрес болашақ үшін қажет
Қарағанды облысында жыл басынан бері 300 келіден астам есірткі мен 19 келі синтетикалық заттар тәркіленді. Бұл мәлімет нашақорлыққа қарсы өткен форумда жария етілді. Шараға өңірдің 20 колледжінен 400 студент қатысып, нашақорлыққа қарсы күрестің өзекті мәселелерін талқылады. Форумда қатысушылар есірткі заттарының таралуына қарсы тұрудың тиімді жолдары мен жастар арасында денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыру мәселелерін көтерді.
Форум жастарды нашақорлықтың алдын алуға, оның қауіпті салдарынан сақтануға шақыру мақсатында ұйымдастырылды. Онда түрлі әлеуметтік ұйым мен құқық қорғау органдарының өкілдері сөз сөйлеп, есірткімен күресудің заманауи әдістері туралы баяндады. Сонымен қатар, жастар өздерінің пікірлерін білдіріп, нашақорлыққа қарсы жобалар мен бастамаларды ұсынды. Қарағанды облысында есірткіге қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі екенін айта отырып, жастарды осы бағытта белсенді болуға шақырды. Форум барысында қоғамды қауіпсіз әрі сау ұрпақ тәрбиелеу үшін бірлесіп жұмыс істеу қажеттілігі ерекше атап өтілді. Форумға облыстық полиция департаменті, дене шынықтыру және спорт басқармасы, қоғам қайраткерлері мен медицина мамандары қатысты. Есірткі қылмысының алдын алу, кәмелетке толмағандарды қорғау және салауатты өмір салтын ұстану қажеттігін айтылды.
– Осы науқанның мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына тарту және өздері де, достарына да, туыстарына да есірткіні таратуға жол бермеу. Жарнама хабарламаларда жұмыс беруші есірткі мазмұны бар жарнамаларды тарату арқылы үлкен табыс ұсынатыны айтылады, алайда басты мәселе – жастар бұған байланысты қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтпайды. Бізде екі жасөспірім граффити тарату кезінде ұсталды. Бүгін бізде үлкен форум өтуде. Біз осындай форумдарды көбейтіп, жастарды есірткі граффитиін бояуға және есірткілерге қарсы күреске тартуды қалаймыз, –деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Шара барысында кәсіби жасақ қызметкерлері мен кинологтар өздерінің тактикаларын көрсетті. Форумда жастар өз ойларын ортаға салды.
– Бүгінгі күнді біздің сүйікті қаламызда осындай есірткіге қарсы форум өткеніне қуаныштымыз, мұндай форумдар бізге көбірек керек, жастар ретінде әрқашан қолдауға дайынбыз. Есірткі қазіргі күнде өзекті мәселе екені бәрімізге белгілі, мұндай форумдар жастарды сын қатерден алдын алуға көмектесетіні сөзсіз, – дейді форумға қатысушылардың бірі.
Форум аясында колледж өкілдеріне есірткіге қарсы күреске қосқан үлестері үшін алғысхаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастарға дұрыс таңдау жасауына өз септігін тигізеді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»