Есірткімен күрес
Жыл басынан бері облысымызда есірткіге қатысты 344 құқық бұзушылық тіркелді, бұл былтырғы жылдың басынан қарағанда 17%-ға өскенін көрсетеді. Оның ішінде есірткі қылмысы екі есеге өскен. Өңірлік ведомствоаралық штаб отырысында аймақ басшысының қатысуымен есірткінің таралу проблемасына қарсы күресте атқарылуы тиіс шаралар талқыланды.
Өңір басшысы облыс бойынша есірткі қылмысының қарқыны артып келе жатқанын көрсететін бірқатар санды келтірді. Әсіресе синтетикалық препараттардың көбеюі алаңдаушылық тудырады. Тіпті, бұл туралы айтылған кез-келген жаңалықтың түбі қылмыстық әрекетке келіп тіреліп жатыр. Жыл басынан бері 332 есірткі қылмысы анықталып, 445 кг есірткі тәркіленді.
– Тексеру барысында жылдық айналымы 40 миллион теңгеден тұратын есірткі тарату қылмыстары анықталды. Қарағандыдағы түнгі клубта синтетикалық есірткі саудалауға байланысты 4 қатысушы ұсталған. Соңғы апталарда екі үлкен қылмыс анықталды. Оның бірі 12 келіден астам есірткі тасымалдаған Приозерсктегі екі азамат, екіншісі Жамбыл облысында 256 келі марихуана тасымалдаған екі адам, – деді Полиция департаменті бастығының м.а. Жасқайрат Қайыров.
Жасалған жұмыс нәтижесінде екі жерасты фитолабораториясы жойылды. Есірткіге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау бойынша: жылдық қаржы айналымы 2,5 миллиард теңгеден асатын 16 қылмысқа қатысушы ұсталды. Ал мұның азаятын түрі жоқ.
– Зиянды іспен айналысып жатқан топтар көбейіп, оларға қарсы әрекет те күрделене түсуде. Сондықтан есірткі сату және тасу қылмыстарымен күресу үшін бізге үлкен күш керек. Тек қана құқық қорғау органдары төтеп бере алмайды, – дейді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Штаб отырысында еліміздің есірткіге қарсы саясатын іске асыруға тартылған мемлекеттік органдардың өкілдері облысты есірткісіз аумаққа айналдыру үшін тағы не істеуге болатынын талқылады. Ең алдымен, зиянды заттарды сататын және қарапайым азаматтарды қылмыстық схемаларға тартатын сайттарды тұмшалауға жұмыс жасау керек. Ең қиыны бұғатталған сайттардың орнына бірден жаңалары пайда болады. Өңір басшысы «Таза Қазақстан» науқанына қалада есірткі жазуларын жоюды енгізуді және білім беру мекемелерінің жастарымен үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ отырыста зиянды істерге тәуелділерді емдеу мәселесі көтерілді. Жақын арада облыстық психикалық денсаулық орталығында ағзада есірткінің 100-ден астам түрін анықтайтын газ хроматографы жұмыс істей бастайды. Денсаулық сақтау басқармасы оқушылар мен студенттер арасында тұрақты скринингтер ұйымдастыруға қол жеткізді. Оның ішіне анонимді консультациялар арқылы кеңес беру кіреді.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»