Есептік көрме

«Алтын ғасыр» көркемсурет галереясында «Репинки» мектебінің «Сұлулықты сезіну»  атты есептік көрмесі өтті.

«Сұлулықты сезіну» – бұл есептік үшінші көрме, оның экспозициясында 400-ден астам жұмыс қойылған. Мектеп педагогтары оқушылардың шығармашылық дамуына үлкен мән береді. Залда ұсынылған жұмыстар әртүрлі техникада орындалған: гуашь, акварель және акрилмен салынған пейзаждар, қарындашпен орындалған натюрморттар, көлемді портреттер, жануарлар бейнеленген композициялар мен мүсіндеу жұмыстары.

– Бұл студияның негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашу. Олар 5-10 жас аралығындағы балалармен жұмыс істейді. Бейнелеу өнері арқылы балалардың өзін-өзі тануына және ішкі дүниесін зерттеуіне мүмкіндік береді. Көрмеге әртүрлі бағытта орындалған жұмыстар қойылған: акварель, гуашь, майлы бояу, қарындаш суреттері, – дейді «Алтын ғасыр» арт-галереясының жетекшісі Бибігүл Исполова.

«Репинка» мектебінің мұғалімдері 4-9 жас аралығындағы кіші буынға ерекше назар аударады. Александра Яхиина жетекшілік ететін топта, оның авторлық әдістемесінің арқасында, оқушылар тұзды қамырдан мыңнан астам мүсін жасаған. Оның жүзден астамын көрмеден көруге болады. 12 жылдық тәжірибесі бар шығармашылық жетекші және аға буын педагогы Валерия Магдеева көптеген талапкерді шығармашылық емтихандарға дайындап, жоғары оқу орындарына түсуге көмектескен. Бұл көрме – балалар мен педагогтардың қажырлы еңбегінің жемісі деуге болады.

– Балалар өз шығармашылықтарын көрсетті және осында келген көрермендер бұл мектептің балаларға не үйрететінін, олардың қалайша өз қабілеттерін дамытып жатқанын, сондай-ақ қандай дағдыларды меңгеретінін көре алады, – деді «Алтын ғасыр» арт-галереясының жетекшісі Татьяна Абилова.

Әрбір жұмыста баланың ерекше қолтаңбасы мен өзіне тән белгісі сақталған. Педагогтар жас суретшілерді стандартты сурет салу үлгісіне бейімдемейді, керісінше, олардың ішкі талантын академиялық біліммен ұштастырып, дамытуға тырысады. Балалардың жұмыстары – нағыз шабыт көзі. Себебі, балаларда әсемдікті сезіну қабілеті ерекше дамыған. Егер сіздің жұмысыңызға немесе жеке өміріңізге шабыт жетіспесе, осы көрмеге келіп, жағымды эмоция сезіне аласыз.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»