ЕРЖАН НҰРЛЫБАЕВ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ
Қарағанды облысы әкімінің денсаулық сақтау жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Ержан Нұрлыбаев өңір тұрғындарына үндеу жолдады, деп хабарлады ҚазАқпарат. Ол аймақта КВИ жағдайлары артып отырғанын хабарлады. Бір апта ішінде дертті жұқтыру 157 адамға көбейген. Бұл негізінен 18 жастан 60 жасқа дейінгі адамдар, олардың 65% індеттің белгілері бар.
Эпиджағдайды талдау инфекцияның негізгі донаторлары үй ошақтары болып табылатынын көрсетеді.
Инфекцияның таралуын болдырмау үшін пациенттерді ауруханаға жатқызу көрсеткіштері кеңейтілді. Барлық науқастар, тіпті инфекцияны оңай өткеретіндер де тәулік бойы бақылауға жіберіледі.
«Бүгінгі таңда стационарларда 600 пациент ем алуда. Біз бұрын консервацияланған стационарларды қатарға енгізе отырып, ауырлығы әртүрлі дәрежедегі КВИ бар науқастарды емдеу үшін төсек қорын ұлғайту бойынша шаралар қабылдаймыз. Осы аптада кәсіптік аурулар институтының ғимаратында медуниверситеттің госпиталі ашылады. Содан кейін пациенттерді Охотская көшесіндегі инфекциялық стационар да қабылдай бастайды», — деді Ержан Нұрлыбаев.
Сондай-ақ, штаттан тыс кеңесші өңірде вакцинация жалғасып жатқанын еске салды. 6 мың медицина қызметкері, мыңнан астам педагог, ТЖ қызметінің 300 қызметкері екпе алды. Тұрғындарды ерікті вакциналау да басталды. Қазірдің өзінде 200-ден астам адам егілді.
Бірінші сәуірде облысқа «Спутник V» вакцинасының жаңа партиясы келеді. Ол ауылдық жерлерге бағытталады.
«Құрметті облыс тұрғындары! Алда бізді ұзақ мерекелер күтіп тұр. Осыған байланысты біз сіздерден отбасылық мерекелер мен қонаққа барудан бас тартуды сұраймыз. Адамдар көп жиналатын жерлерге барудан аулақ болыңыздар, қоғамдық көлікте маска киіңіздер. Өз денсаулығыңызды қорғаңыздар!» — деп Ержан Нұрлыбаев халыққа үндеу жолдады.