Ерліктері ел жадында

Ұлы Жеңістің 79 жылдығына және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 32 жыл толуына арналған тәрбие және әскери-патриоттық жұмыс айлығын өткізу шеңберінде Қарағанды медицина университеті әскери кафедрасының оқытушылар құрамы әскери кафедра студенттерімен бірге Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарағанды эвакогоспитальдарында жарақаттан қайтыс болған жауынгерлерге арналған ескерткіш-мемориалда, сондай-ақ Қарағанды қаласында жерленген Кеңес Одағы Батырларының зиратында сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды.

1941 жылдың соңында Қарағанды облыстық денсаулық сақтау бөлімі Үкіметтің ерекше тапсырмасымен майданнан келген жаралы жауынгерлерді орналастыру үшін 6 госпиталь ұйымдастырған. Сол жылдары қызмет көрсетуге жарамды ғимараттар қатарында фельдшерлік-акушерлік мектеп, мұғалімдер институты, қалалық партия комитетінің бұрынғы ғимараттары, «Қарағандыкөмір» комбинаттары, «Шахтострой» комбинаттары, Сұрыптау теміржол станциясының клубы болған. Майдан даласында қиян-кескі шайқастар орын алып, жараланғандар барған сайын көбейеді. Қарағанды госпитальдарына тек жараланған майдангерлер ғана емес, Мәскеу мен Сталинград маңында соғысқан алдыңғы қатардағы сарбаздар, яғни жаяу әскерлер де жеткізілген. Мұндай ауруханада бір уақытта 300-ге дейін жаралы жауынгер жатты, олардың едәуір бөлігі емделгеннен кейін қайтадан алдыңғы шепке оралды. Өкінішке орай, ауыр жарақаттан олардың бәрі бірдей жазылып кете алмады. Татар, башқұрт, мордва ұлтының өкілдері Қарағанды жерін мәңгілік мекен етті. «Қайтыс болған жаралылар аурухананың ауласына жерленді. Мәйіттерді зиратқа апаруға уақыт болмады», – деп отставкадағы гвардия полковнигі, Қарағанды қаласы Октябрь аудандық әскери комиссариаты бөлімінің бастығы, қырқыншы жылдары қала ауруханаларында жарақаттан қайтыс болған жауынгерлерді жерлеуге тікелей қатысқан Анатолий Иванович Цукуров естеліктерінде жазған. Дегенмен 1946 жылы ауруханаларда жарақаттан қайтыс болған сарбаздардың сүйектерін тұрақты зиратқа көшіру туралы жарлық шықты. Оларды Михайловка зиратына жерлеу туралы шешім қабылданды. Мемлекет қорғауына алынған мұндай тарихи орындарда жыл сайын тазалық жұмыстарын жүргізудің жастар үшін тәрбиелік мәні зор екенін айтады әскери кафедра студенті Қарақат Қожамберді.

– Біз Қарағанды медицина университетінің әскери кафедра студенттеріміз. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарағанды госпитальдарында жарақаттан қаза болған кеңестік 17 жауынгердің бауырластар зиратында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Талдарды әктедік, қоршауларды сырладық, арамшөп жұлып айналаны ретке келтірдік, – дейді ол.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында елімізде сенбіліктер өткізілуде. Тарихи және мәдени ескерткіштер абаттандырылды. Акцияның кезекті сенбілігінде тазалық жұмыстары жүргізіліп, жұртшылық табиғатты аялауға, таза ұстауға шақырылды. Қарағанды медицина университетінің әскери кафедра ұжымы жыл сайын өткізетін мұндай акцияның мақсаты – студент жастарды туған ел патриоты болып өсуге, туған жерін құрметтеуге, тазалық сақтауға баулу.

– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы «Киелі мекен» бағытында Михайловка ауданындағы ДСК аялдамасының жанындағы, мемлекет қорғауына алынған ескерткіш айналасын, ҰОС батырларының зиратын тазаладық. Бұл аумаққа сенбілік жұмыстары өткізілді. Бүгін біз тарихымыздың осы қаһармандық және қайғылы сәтін еске аламыз. Ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің ерліктері ешқашан ұмытылмайды, мәңгілік жадымызда қалады, – дейді әскери кафедра басшысы, запастағы полковник Бауыржан Жиенбаев.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»