Ерлік Тілекұлы Мақашев: «Төрт аяқтылардан төнер қауіп артты»

Қаңғыбас иттер санының өсуіне байланысты жағдай күрделене түсуде. «Топтасқан иттер неге ауланбайды, неге қажетті алдын алу шаралары жүргізілмейді» деген сыңайда жұрт шағымы да көбейді. Егер өткен жылдары облыс бойынша 17-20 мыңға жуық қаңғыбас жануар ауланса, ағымдағы жылдың наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін аулау жүргізілген жоқ. Жануарлар жайына тікелей байланысты ветеринария саласындағылар болса заңды өзгерістерге бағынатындықтан қолдары байлаулы.

Заңды іске асыруға қатысты мәселелер жануарларға жауапты қарау саласындағы уәкілетті органмен, әкімдіктермен, сарапшылармен, құқық қорғаушылармен, заңгерлермен, кинологтермен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп талқыланды. Алайда қазіргі уақытта қаңғыбас жануарларға байланысты барлық іс-әрекет тек ветеринариялық станцияларға жүктелген. Иттерді өлтіруге ізеттілік жолымен тыйым салынды. Алайда олардың көбейіп кетпеуін реттеуге келгенде кемшіліктер бары байқалады. Осыған байланысты Қарағанды облысы Ветеринария басқармасының Ветеринариялық шараларды ұйымдастыру және ТЖ бөлімінің басшысы Ерлік Тілекұлы Мақашевпен сұхбаттасқан едік.

Ерлік Тілекұлы, неліктен қаңғыбас иттер саны көбейіп, тұрғындар шағымы артып кетті?

– 2022 жылдың 2 наурызында Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы күшіне енді. Заң үй жануарларын өлтіруге тыйым салады және оларды уақытша ұстау, вакциналау, стерилизациялауды және табиғи мекендеу ортасына шығаруды көздейді. Осыған байланысты наурыз айынан бастап қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау қызметі тоқтатылды, оған қаржы бөлінген жоқ. Сондықтан қаңғыбас иттер мен мысықтардың саны, әрине, өсті.

– Ит атуға тыйым салынды, олардан болар қауіпті азайту жолы қайсы?

– Заң талабы бойынша, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу жолында улау, өзге де химиялық препараттар пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілдермен өлтіру арқылы реттеуге тыйым салынады.

Қаңғыбас жануарларды стерилизациялау (хирургиялық, дәрі-дәрмекпен не өзге тәсілдермен ұрпақ өрбіту қабілетінен айыру) тәсілімен азайту көзделген. Алайда ол – бір мезгілде шешілетін мәселе емес және оған қыруар қаражат қажет. Панажайлардың салынуы, әр жануарды кемінде екі ай күтіп-бағу, стерилизациялау, вакциналау және бірдейлендіру – мұның бәріне миллиондаған қаражат қажет.

Бүгінгі күні, аталған заңның 15-бабы бойынша, жануар адамға, өзге жануарларға шабуыл жасаған жағдайда немесе жануарлар адамның, өзге жануарлардың өміріне не денсаулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де жағдайларда, я болмаса адамның не өзге жануарлардың денсаулығына қауіп төндіретін аса қауіпті жұқпалы ауру таратуы мүмкін болған кезде ғана жануарларды өлтіруге жол беріледі.

Сол себепті қатер төндіретін, оның ішінде топтасқан иттерді аулау кезінде тыйым салынбаған жануарларды қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолдануға жол беріледі. Аулау қызметі еркін нысанда акт жасайды, оған кемінде екі куә қол қояды және оны аулау қызметі ақпараттық жүйеде тіркейді. Куәлар болмаған жағдайда, аулауды тіркеудің техникалық құралдарын қолдануға (бейнетүсірілім) жол беріледі.

– Стерилизация жасау жұмысында тендер талаптары қандай?

– Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы №171 «Қаңғыбас жануарларды вакциналау және стерилизациялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандырумен айналысатын мемлекет, жеке кәсіпкерлер және мемлекеттік емес заңды тұлғалар жануарларды стерилизациялау, жайластыру, білім беру іс-шараларын жүргізу және халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу жолымен қаңғыбас жануарлардың санын азайту үшін қолданатын шаралар кешенін білдіреді.

Вакцинация және стерилизация шаралары аяқталғаннан кейін, агрессивті емес қаңғыбас жануарлар бұрынғы мекендеу орындарына қайтарылады.

Қазіргі таңда тендер ұтқан компания бар ма, Қарағандыда жұмыс қалай жүруде?

– Мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілгеннен кейін, жарияланған конкурстардың нәтижелері бойынша, қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру шараларын өткізуге қызығушылық танытқандар болған жоқ, сондықтан бөлінген қаражат бюджетке қайтарылды.

Қарағанды қаласында заң аясындағы шараларды іске асыру бойынша қажетті жұмыстарды толықтай жүргізуге арнайы панажайлардың болмауы кедергі болып отыр. Себебі заңнамалық тұрғыдан қаланың Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жануарларға арналған панажайлардың құрылысын және күтіп-бағуын ұйымдастыруға, жануарларға арналған жеке панажайларды қоса қаржыландыруды жүзеге асыруға құқылы болғанмен, панажайдың құрылысын салуға арнайы қаражаттың қарастырылмауынан мемлекеттік панажайлар салынған жоқ.

Сондай-ақ жануарларды қорғаушылардың тарапынан да қимыл жоқ, жеке панажайлар мемлекеттік сатып алуға қатысқан жоқ.

Зооқорғаушылар ұстанымы қандай?

– Тұрғындардың пікірлерін ескерсек, халықтың ой-пікірі екіге бөлінеді. Әрине, кейбіреулері жағымсыз пікірде болғанмен, көпшілігінің көзқарасы дұрыс және мағлұматтардың маңыздылығын дұрыс түсінген.

Алайда кейбір үй жануарларын қорғаушылар заңдағы жергілікті атқарушы органдарына қатысты құқылы және міндетті ұғымдарын шатастыруда. Қаңғыбас ит пен мысықтан басқа жануарлар туралы айтылмайды, олар заңды біржақты қабылдауда.

Қаржыландырудың жоқтығына қарамастан, ветеринариялық станциялар полиция қызметімен бірлесіп, заңды және жеке тұлғалардан шағым түскен кезде, заңның 15-бабын басшылыққа алып, қаңғыбас иттерді аулау және жансыздандыру жүргізген кезінде, кейбір жануар қорғаушылар байбалам салып, халықпен санаспай, жұмыстарға кедергі келтіруде.

Үй маңында ит көбейсе, тұрғын қайда шағымданады?

– Жаңа атап өткенімдей, ветеринариялық станциялар жұмысы полиция қызметімен бірлесіп атқаратын міндет болған соң, қоғамдық орындарда, әлеуметтік нысандар маңында (мектепке дейінгі білім беру және мектеп т.б.) қаңғыбас иттердің топтасқаны туралы хабарлау үшін Қарағанды облысының Senim109 бірыңғай үйлестіру орталығы жұмыс істейді.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар мен полиция бөлімдері де заңды және жеке тұлғалардың шағымдары мен өтініштерін тіркеуге міндетті.

Түскен өтініштер бойынша шешім қабылданатын болады. Өйткені қаңғыбас жануарлардың қауіптілігіне көз жеткізу қажет.

– Сіздер шағым бойынша қандай жұмыс жүргізесіздер?

– Мән-жайларды анықтаймыз, егер иттер мен мысықтардың иелері болса, ұстау және серуендету қағидаларын сақтамау бойынша учаскелік полиция хаттама жасайды (ондай жағдай көп).

Жеке панажайлардың мүмкіндіктерін ескере отырып, орын болса, ауланған қаңғыбас жануарлар сонда өткізіледі.

Қауіп төндіретін жануарлар табылған кезде, полиция қызметшісі өтініш берушілермен бірлесіп жануарды аулайды және жансыздандырады. Бұл жөнінде арнайы акт жасалады.

Ветеринарлық-санитарлық ережеге сәйкес, егер тістеген жануардың иесі болса, жануарды күнтізбелік 10 күн ішінде оқшауланған үй-жайда ұстау туралы жазбаша міндеттейді. Шабуыл жасаған және құтырған жануарлар жойылады.

Үйінде ит, мысық ұстаушыларға қойылар талап қандай?

– Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы №168 «Үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, үй жануарларын ұстау жөніндегі талаптарға мыналар жатады:

– үй жануарларын күтіп-бағу жағдайлары олардың биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келуге, олардың табиғи қажеттіліктерін қанағаттандыруы тиіс;

– Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес, үй жануарлары ауруларының профилактикасын, диагностикасын, оларды емдеуді және жоюды қамтамасыз ету.

Үй жануарының иесі және жауапты адамы алаңдаушылық туғызуға, адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндіруге, айналадағыларға зиян келтіруге жол бермейтін жағдайларды қамтамасыз етеді.

Жалпы, ит пен мысыққа қатысты қандай заң талаптары бар?

– Негізгілері: Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы №97-VII ҚРЗ «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 18 мамырдағы «Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың үлгілік қағидалары» жөніндегі №162 бұйрығы және 2022 жылғы 20 мамырдағы «Үй жануарларын ұстау мен серуендетудің үлгілік қағидалары» жөніндегі №168 бұйрығы.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы «Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды бекіту туралы» №7-1/587 бұйрығы, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы «Үй жануарларын есепке алу қағидаларын және есепке алуға жататын үй жануарларының тізбесін бекіту туралы» №169 бұйрығы, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 23 мамырдағы «Жануарларды жануарларға арналған панажайларда, зоологиялық жатынжайларда, жануарларды уақытша ұстау пункттерінде, жануарларға арналған оңалту орталықтарында, зоологиялық питомниктерде, контактілі зоопарктерде, жылжымалы хайуанаттар бақтарында ұстау қағидаларын бекіту туралы» №175 бұйрығы.

– Мемлекеттік панажайлар мен үй жануарларын уақытша күтіп-бағу пункттеріне қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайын айтсаңыз.

– Облыс аумағында мемлекеттік панажайлар мен үй жануарларын уақытша күтіп-бағу пункттері жоқ. Панажайлар мен үй жануарларын уақытша күтіп-бағу пункттерінің құрылысын салу және күтіп-бағу жұмыстарын орындау ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің міндетіне кіреді. Осыған байланысты аудан, қала әкімдіктеріне жер заңнамасына сәйкес жер телімдерін бөлуді қарастыру және мемлекеттік панажайлар мен жануарларға арналған уақытша ұстау пункттерін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстарын шұғыл бастау тапсырылды. Қарағанды қаласында тіркелмеген жеке панажайлар жұмыс істейді, бірақ олар ауланған иттердің кейбірін ғана қабылдайды.

Бүгінгі күні Қарағанды, Балқаш, Абай қалаларында панажайлар және үй жануарларын уақытша күтіп-бағу пункттерінің құрылысын салу мәселелері шешілгенге дейін, қажетті манипуляциялар жүргізу мақсатында жануарларды уақытша ұстайтын торлар орнатылған.

– Сұхбатыңызға рақмет, еңбегіңізге жеміс тілеймін!

Сұхбаттасқан: Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ