Ереже қатаңдатылды

Жолда жүру ережесі қатаңдатылды. Желтоқсан айының басынан бастап жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында заң күшіне еніп, орташа жылдамдықты арттырғандарға 5-тен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынбақ. Сонымен қатар келесі жылдан бастап жүріп өткен жолды оған кеткен уақытқа бөлу арқылы есептейтін жаңа құрылғылар қойылады деп күтілуде.

Жүргізушілер үшін биыл заңда енгізілетін жаңалықтар көп. Соның бірі жылдамдықты 40-тан 60-қа дейін және 60-тан жоғары асыратын тұлғаларға 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл дегеніміз 147 680 теңгені құрайды. Мамандардың айтуынша бұл өзгеріс жолда болған жол көлік оқиғаларын талдау арқылы жасалып отырған көрінеді. Себебі, әрбір үшінші адам жылдамдықты асырудың салдарынан көз жұмған.

– Бұл орташа жылдамдық мәнін енгізу себебі, қаланың сыртындағы жолдарда адамның қаза табу көрсеткіші көп болып барады. Қаланың ішінде асырылмаған жылдамдық, қаланың сыртына шыққанда жүргізушілер жылдамдық асырып жатады. Сондықтан осы мәселені енгіздік, – деді Қарағанды облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Елжас Жартыбаев.

Талдауға сәйкес, ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі жылдамдықты асыру болып табылады. Соңғы 11 айдың көрсеткішіне көз жүгіртсек облыста 925 жол көлік оқиғасы, одан 164 адам қайтыс болған және 1 165 адам зардап шеккен. Осы себепті облысымызда 2 Оракул атты мобильдік кешені орнатылды. Біреуі жасырын патрульде қаламызда, ешқандай белгілері жоқ қызметтік көлікте қолданылады. Екіншісі мигалкасы мен борттық нөмері бар арнайы көлікте қолданылады.

– Тағы да бір өзгеріс, көліктердің күндізгі күні жарықшамдарын қоспаған жағдайда, бұрындары ескертумен 3 АЕК айыппұл салынатын. Қазір айыппұл алынып тасталды, тек ескертумен шектеледі. Дегенмен құқықбұзушылық қайталанса, 5 АЕК айыппұл қарастырылады, – деп қосты Елжас Жартыбаев.

Жоғарыда айтылған ережелерге қатысты заң қатайды, яғни әкімшілік кодекстің 630, 631, 632 баптарына өзгерістер енгізілді. Тағы бір өзгеріске ұшыраған заңдардың бірі жүргізуші куәлігіне қатысты. Жүргізуші куәлігі жоқ немесе мүлдем алмаған тұлға көлікті мас күйінде жүргізсе немесе сараптамадан бас тартса, сәйкесінше 7 және 8 жылға жүргізуші куәлігін алу құқығынан айырылады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                    

«QH»