Ерекше көрме
Қарағанды фотоклубының есептік көрмесі! Облыстық бейнелеу өнері мұражайында Қарағанды фотоклубының дәстүрлі есептік көрмесі өтуде. Кеншілер қаласының фотографтары жұртшылық назарына түрлі фотосуреттерді ұсынды. Бұл туындылар Қарағандының көріністері мен сан алуан сәттерін бейнелеп, қала өмірінің ерекше тұстарын көрсетеді.
Лия Макари – әшекей бұйымдар жасаумен айналысатын зергер, бірақ оның әдеттен тыс ерекше хоббиі бар. Ол ұзақ уақыт бойы фотосуретке түсірумен әуестеніп келген, алайда қаладағы фотоклубқа жақында ғана қосылды. Бұрын ол табиғаттың сұлулығын суретке түсірсе, қазір назарын жануарлар әлемінің белгілі бір бөлігіне, атап айтқанда, аттарға арнап жүр.
– Фотосуретке 2005 жылдан бері әуеспін. Алғашында тауларды түсіретінмін. Негізінен фотоларымның тақырыбы туризмге қатысты болды, адамдар, таулар және табиғат көріністерін түсірдім. Кейін аттарды түсіруді ұсынды, сол уақыттан бері мен жылқы жануарын суретке түсіремін. Таныстарымның біразы аттарынан айырылып, олардың естелігін сақтап қалу мақсатында осылайша суретке түсіруді бастадым, – деді фотограф Лия Макари.
Биылғы жылы фотоклубтың бесінші жыл сайынғы есептік көрмесінде 36 автордың 200-ден астам фотосуреті ұсынылды. Клуб жетекшісінің айтуынша, қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл адамдардың күнделікті тұрмыс пен міндеттерге қарамастан, қоршаған әлемнен әдемілікті табуға тырысатынын көрсетеді.
– Биылғы жылдың қызығы қатарымызға бірден 2 адам қосылды. Олар біздің фотоклубқа қосылу үшін сонау Павлодардан өздерінің портфолиоларын қоса алып келді, және олардың жұмыстары осы көрмеде қойылған. Кез келген адам тамашалай алады, – дейді «Қарағанды» фотоклубының жетекшісі Тимур Күдеринов.
Мұражай басшысының орынбасары Мейрамгүл Елубаева көрмеге тек Қарағандылық фотосуретшілер емес, сондай-ақ басқа қалалардан, тіпті шетелден қатысып жатқан фотографтардың бар екенін атап өтті. Көрме 20 қазанға дейін жалғасады. Барлық қала тұрғындарын фотографтардың жұмыстарын тамашалап, көп жағдайда байқамайтын сұлулықты өз көздерімен көруге шақырады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»