Ерекше балаларға – кешенді қолдау
Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау жүйесін күшейтуді тапсырды. Президент жаңа Парламентке осы санаттағы балаларға кешенді көмек көрсетуге бағытталған заң жобасын әзірлеу жұмысын жеделдетуді жүктеді.
Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар балаларға атаулы қолдау көрсететін тиімді жүйе қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру басты назарда болуы тиіс.
Сонымен қатар өңірлердегі арнайы инфрақұрылымды дамыту міндеті қойылды. Президент балаларды қолдау орталықтарын барлық облыс орталықтары мен ірі аудандарда ашудың маңызын атап өтті. Бұл іске демеушілерді де белсенді тарту көзделіп отыр.
Бұл бағытта Қарағанды облысында да жұмыстар жүргізілуде. Өңірде аутизм және ментальды бұзылыстары бар балаларға арналған күндізгі болу орталығы ашылған.
Ал жыл соңына дейін Шахтинск қаласында аутизмі бар балаларды қолдау орталығын, Қарағандыда интеллектуалдық дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатты іске қосу жоспарланған.
Жаңа нысандардың ашылуы ерекше қажеттілігі бар балаларға қажетті қызметтерді тұрғылықты жеріне жақын алуға мүмкіндік беріп, олардың білім алуына, әлеуетін дамытуына және қоғамға белсенді араласуына жағдай жасамақ.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

