Ердің ісі – ерлік

Қаланың 90 жылдығына арналған шаралар легі толастар емес. Оқырманды сүбелі сөз өнерімен олардың ой жиегін, рухани жан-дүниесін қалыптастыра отырып, елжандылыққа тәрбиелеу, кітапхананың мәдени жұмысының негізгі тапсырмасы. Осы орайда М.О.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапхана ғимаратында «90 жылдыққа 90 кездесу» жобасы ұйымдастырылды.

Қасиетті өлкеміздің мерейтойына орай, елге адал қызмет етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген азаматтардың ісі мен қызмет жолы, еңбегін насихаттау, олардың еңбек, өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі тұтып, оларды әрқашанда ардақтау сүйікті қаламыздың 90 жылдығына орай 90 кездесу өткізу игі шараларға оқырмандарды көптеп тарту арқылы жүзеге асырылды.

«Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-де «90 жылдыққа 90 кездесу» жобасы аясында ҚР ІІМ құрметті қызметкері, запастағы генерал-майоры, заң ғылымдарының кандидаты,  профессор Ахмедияұлы Мирлан Қызыловпен «Әділдік жолындағы азамат» атты кездесу кеші өтті. Кеш қонақтары ретінде заң ғылымдарының кандидаты, запастағы полиция полковнигі, «Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серімов Елеужан Елемесұлы, запастағы полиция полковнигі Ізбасқан Нысанқұлов, дәстүрлі әнші Ержан Базарбеков, Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының I курс курсанттары, Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы, Қарағанды облысы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының тобы, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының мүшелері, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының қоғамдық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Қарағанды өңірі талай талантты дүниеге әкелген киелі топырақ. Бұл өңірде ғалым да, ақын да, батыр да туған. Қазіргі таңда да, республикаға есімі таныс абыройлы азаматтар аз емес. Кездесу кешінде модератор оқырмандарға Мирлан Қызыловтың ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында еңбек еткен жолдарына, ең төменнен бастап, генерал-майор шеніне жеткені туралы ақпарат беріп өтті. Кездесу барысында кеш кейіпкері оқырмандарға өзінің балалық, студенттік шағы және генерал-майор болғанға дейінгі өткен жолы, өмірінің қызықты, әсерлі сәттері туралы баяндап берді. Шара барысында М.Қызыловтың  ұстаздары, әріптестері, замандастары ақпаратпен бөлісті. Қатысушылар кеш кейіпкеріне сұрақтарын қойып, еркін форматта пікірлесті. Сондай-ақ, кітапхана қорына  өзі жазған кітабын да сыйға тартты. Шара соңында модератор қонақтарға алғысын білдіріп, кездесуді қорытындылады.

Әскери саланың ыстығына күйіп, суығына тоңған азамат генерал-майор Мирлан Қызылов: «Бұл салаға деген ең алғаш, қызығушылығым мектеп қабырғасында басталған дейді. Үйде көпбалалы отбасыдан шықтым, ағаларым көп болды. Әрқайсысының тапсырмасын орындағанша таң атады, үлкен жауапкершілік керек болды. Ағаларымды тыңдап, мектепте үлгілі оқушы болу арқылы, тұлға болып қалыптастым», – деді әсерлі әңгіме барысында.

– Ең алдымен, мынаны есте сақтағаны жөн. Полиция оңай қызмет емес. Құқық қорғау қызметі – ең қиын мамандықтың бірі. Көбіне, қызметкер өміріне қауіп төну арқылы атқарылатын қызмет. Әрине, осы жылдар аралығында нысандық киім, қызмет атаулары, кейбір функциясы өзгерді. Бірақ, негізгі міндеттері өзгеріссіз қала береді. Сол қызметті ыстық жүрекпен, саналы мінез құлықпен және таза қолмен атқаратын қызметкерлердің көптеп табылуы – аса маңызды. Біз бұл іске бар жан-тәнімізді салдық. Адам бар болмыс-бітімімен қызметіне берілгенде ғана нәтиже шығады. Олай етпейінше, ештеңе өнбейді. Өзіме жүктелген міндетке мен уақытша емес, сол істің тұрақты адамы, ең бастысы, азамат ретінде қарадым, – деп атап өтті кеш авторы өз сөзінде.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»