Энергия жүйесі жаңарып, сенімділік артады
Қарағандыда электрмен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сенімді энергетикалық инфрақұрылым – қаланың қалыпты тіршілігі мен экономикалық дамуының маңызды шарттарының бірі. Сондықтан электр желілерін жаңарту, тозған жабдықтарды ауыстыру және желілердің өткізу қабілетін арттыруға басымдық беріліп отыр.
Электр инфрақұрылымын жаңғырту ең алдымен апаттық ажыратулардың алдын алуға, электрмен жабдықтау сапасы мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл жұмыстар жаңа тұрғын үй, әлеуметтік және өндірістік нысандарды электр желісіне қосу мүмкіндігін кеңейтеді. Жоба аясында қосалқы станциялардағы тозған жабдықтар кезең-кезеңімен заманауи құрылғыларға ауыстырылып, электр желілерінің тіректері мен сымдары жаңартылуда.
Мәселен, Саран қаласындағы «РТИ» қосалқы станциясында екі трансформатордың қуатын 40 мыңнан 63 мың киловольт-амперге дейін арттыру жоспарланған. Нәтижесінде нысанның жалпы қуаты 126 мың кВА-ға жетеді. Бұл Саран қаласында жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыруға қажетті энергетикалық мүмкіндікті арттыруға жол ашады.
Электр желілерін жаңарту жұмыстары Ақтас кенті маңындағы «Астаховка – Шоқай» және Қарқаралы ауданындағы «ГРЭС-2 – Қарағайлы» бағыттарында да жүргізіледі. Аталған учаскелерде жалпы ұзындығы шамамен 60 шақырым электр желісі жаңғыртылмақ. Жоба барысында ескірген тіректер мен сымдар ауыстырылып, желілердің техникалық жағдайы жақсартылады.
Мұндай жұмыстардың Қарағанды қаласы мен оған іргелес елді мекендер үшін маңызы зор. Өйткені электр энергиясының тұрақты берілуі тұрғындардың күнделікті тұрмысымен қатар, кәсіпкерлік нысандардың, әлеуметтік мекемелер мен өндіріс орындарының үздіксіз жұмысына тікелей әсер етеді. Әсіресе өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңір үшін энергетикалық жүйенің қуатты әрі тұрақты болуы жаңа инвестициялық жобаларды іске асырудың маңызды алғышарты саналады.
Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту тек тозған жабдықтарды ауыстырумен шектелмейді. Бұл – қаланың болашақтағы дамуына қажетті энергетикалық қуатты қалыптастыру, электр желілерінің сенімділігін арттыру және тұтынушыларға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын жақсарту бағытындағы кешенді жұмыс.
«Ең бастысы – электрмен жабдықтаудың тұрақтылығы артады. Ескірген жабдықтар мен желілер жаңартылған кезде апаттық жағдайлардың туындау қаупі төмендейді. Сонымен қатар желілердің өткізу қабілеті артып, жаңа нысандарды қосуға мүмкіндік көбейеді. Бұл өз кезегінде қаланың әлеуметтік және экономикалық дамуына оң әсер етеді», – деді «Қарағанды Жарық» ЖШС бас директоры Дидар Ахмадин.
Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде электр желілерінің техникалық мүмкіндігі артып, тұтынушыларды тұрақты энергиямен қамтамасыз ету деңгейі жақсарады. Бұл өз кезегінде Қарағандының инженерлік инфрақұрылымын нығайтып, қаланың әрі қарай дамуына қажетті жағдай қалыптастырады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

