Энергетикалық жүйелер кафедрасының даму кезеңдері

Елуінші жылдары темір, мыс және басқа да полиметалл кендерінің жаңа перспективалы кен орындарының ашылуы және Орталық Қазақстан аймағында қара және түсті металлургияның алыптары құрылысының басталуы инженерлік кадрлар даярлау мәселесін күрт айқындап берді. Бұл мәселені шешу үшін 1953 жылы Қарағандыда тау-кен институты құрылып, «Пайдалы қазбалар кен орындарын игеру» және «Тау-кен электромеханигі» мамандықтары бойынша 200 студент даярлай бастады. Жоғары білім беру стандарттарына сәйкес, техникалық мамандықтардың инженерлік кадрларын дайындау үшін «Электротехника» пәні, электрлік мамандықтар үшін «Электротехниканың теориялық негіздері» (ЭТН) міндетті болды. Осы пәндерді оқыту үшін және 1958 жылы Тау-кен институтының Қарағанды политехникалық институтына айналуымен жалпы және тау-кен электротехникасы кафедрасы құрылып, оны доцент, т.ғ.к. Ростислав Викторович Козлов басқарды.

Тек тау-кен өнеркәсібі үшін ғана емес, сонымен қатар құрылыс, металлургия, машина жасау, көлік және жол өнеркәсібі үшін де даярлайтын мамандықтар шеңберінің кеңеюіне байланысты кафедра 1968 жылы екіге бөліну туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, өнеркәсіптік кәсіпорындарды электрлендіру кафедрасы (кафедра меңгерушісі – Р.В.Козлов) «Тау-кен жұмыстарын автоматтандыру» мамандығы бойынша мамандар дайындайтын болса, электротехниканың жалпы және теориялық негіздері кафедрасында (кафедра меңгерушісі – т.ғ.д., доцент А.Е.Яковлев) университеттің барлық мамандық студенттері үшін «Электротехника», «Жалпы электротехника», «Электротехника және электроника негіздері», «ЭТН», «Электр тізбектерінің теориясы» және т.б. пәндер оқытылды.

Бұл ретте 1952 жылы КСРО-ның шығысындағы ең ірі Өскемен су электр стансасының іске қосылуы, 1956 жылы Жезқазған ЖЭО мен Жамбыл ЖЭО-3 және Қарағанды металлургиялық комбинатының ЖЭО іске қосылуы, 1959 жылы сол кездегі Алматы ГЭС каскады құрылысының аяқталуы және 1960 жылы Ертіс өзеніндегі Бұқтырма су электр стансасының бірінші кезегінің (қазіргі уақытта қуаты 675 МВт, республикадағы ең ірі су электр станцияларының бірі) іске қосылуы, жалпы алғанда, Қазақстанның заманауи энергетикалық экономикасының қалыптасуы басталады.

Ірі электр станцияларының құрылысымен қатар желілік құрылыс дами бастады. Электр энергетикасының дамуына 35, 110, 220 кВ кернеулі бірнеше мың километр электр беру желілерінің іске қосылуы үлкен үлес қосты. Мұндай желілер тек Қазақстанда ғана емес, республикадан тыс жерлерде де салынды, атап айтқанда: Өскемен – Рубцовск, Ақтөбе – Орск, Шымкент – Ташкент, Сарбай – Троицк және т.б.

Келесі онжылдықта 18 жылу электр станциясы салынып, іске қосылды, бұл ретте қазақстандық электр станцияларының жалпы қуаты 3,3 еседен астам өсті. Бұл – республиканың энергетикалық секторында елеулі сандық және сапалық өзгерістер болғанын көрсетеді. 1962 жылы жобалық қуаты 700 МВт, қуаттылығы 200 МВт болатын Қарағанды ГРЭС-2-нің бірінші кезегі іске қосылды. Оған Қазақстанда алғаш рет әрқайсысы 100 МВт энергоблоктар орнатылды. Ал 200 МВт бірінші блок 1967 жылы жобалық қуаттылығы 100 МВт-тан асатын Қазақстандағы тұңғыш электр станциясы – Жамбыл мемлекеттік аудандық электр станциясында іске қосылды. Ақырында 1968 жылы жобалық қуаты 2400 МВт, әрқайсысы 300 МВт турбогенераторлары бар Ермаков ГРЭС-інің бірінші блогы салынды.

1984 жылы Екібастұзда 500 МВт 8 энергоблокты орнатумен ГРЭС-1 құрылысы басталды, 2021 жылы станцияның белгіленген қуаты 3500 МВт құрады. Дәл осы жерде 1994 жылы қуаты 1000 МВт ГРЭС-2-нің 2-блогы іске қосылса, 2014 жылы жоспарланған қуаты 636 МВт 3-энергоблоктың құрылысы басталды. Станциялардың орнатылған қуаттарының өсуімен, 110, 220, 500 кВ жоғары вольтты электр жеткізу желілерін іске қосумен бір мезгілде энергетикалық бірлестіктер (ЭҚБ) құру процесі басталады. Бүгінгі Қазақстанда Бірыңғай энергетикалық жүйе 3 аймаққа бөлінген, олар: Солтүстік, Оңтүстік және Батыс. 2017 жылы электр энергиясын өндіру 102 383,6 млн кВт/сағ құрады, оның 8 372,6 млн кВт/сағ – жылу электр станцияларында, 8 372,6 млн кВт/сағ – газтурбиналық электр станцияларында, 428,3 млн кВт/сағ – жел және күн электр станцияларында.

Еліміздің энергетика саласының қарқынды өсуі, қуаттылығы жүздеген МВт болатын турбоагрегаттарды пайдалану Қазақстандағы университет қауымдастығының дамуына әсер етпей қоймады. 1975 жылы Қазақ политехникалық институтының базасында Алматыда энергетикалық институт ашылды. Ал Қарағандыда Ю.П.Галишников докторлық диссертациясын қорғап, профессор ғылыми атағын алғаннан кейін, 1979 жылы ЭТН кафедрасын басқарды. Бұл кафедра 1981 жылдан бастап электротехника деп аталды. 1971 жылы Ю.П.Галишников Павлодар индустриалды институтының ректоры болып тағайындалған соң, электротехника кафедрасын оның түлегі, доцент, т.ғ.к. В.С.Моисеев (1984-1986) басқарды. Онан кейін доцент, т.ғ.к. А.Ф.Фазылов (1989-1997), доцент, х.ғ.к. Е.Г.Нәдіров (Қарағанды тау-кен институтының алғашқы оқытушыларының бірі) басқарды.

Өнеркәсіптік кәсіпорындарды электрлендіру кафедрасының меңгерушісі 1975 жылдан бастап доцент П.П.Каменский болды. Бұл кафедра 1980 жылы тау-кен механикасы кафедрасымен біріктіріліп, тау-кен электромеханикасы кафедрасы деп аталды. Профессор, т.ғ.д. Б.Г.Климов басқарған жаңа кафедра «Тау-кен электромеханигі» мамандығы бойынша инженер-электриктерді шығара бастады. 1988 жылы профессор Б.Г.Климов республикадан тыс жерге кеткеннен кейін, тау-кен электромеханикасы кафедрасын профессор, техника ғылымдарының докторы А.Н.Шпиганович басқарды. Оның бастамасымен «Электрмен жабдықтау» мамандығы ашылып, 1991 жылы кафедра атауы электрмен жабдықтау болып өзгертілді. 1994-1997 жж. кафедраны оның түлегі, доцент, т.ғ.к. М.Л.Каракулин басқарды.

1997 жылы оқу жүктемесінің төмендеуіне байланысты электрмен жабдықтау және электротехника кафедралары біріктіріліп, меңгеруші лауазымына доцент, т.ғ.к. Б.А.Жәутіков тағайындалды. Кейіннен кафедра меңгерушісі қызметін оның әр жылдардағы түлектері, доценттер, т.ғ.к. Г.Г.Таткеева, А.Д.Мехтиев, А.В.Таранов, ал қазір Е.Г.Нешина атқарады. Қазақстандық индустрияның өзекті ғылыми-техникалық мәселелерін шешуге және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлауға үлкен үлес қосқан кафедраның жетекші ғалымдары мен оқытушылары: А.Е.Яковлев, Б.Г.Климов, Ю.П.Галишников, А.Н.Шпиганович, Ю.А.Николаев, Ж.Ж.Иманов, П.М.Келмағамбетова, С.Г.Карманов, Е.И.Шульгин.

«Жылуэнергетика» мамандығының ашылуымен кафедра 2008 жылдан бастап энергетика атауына өзгертілді, ал 2015 жылдан бастап энергетикалық жүйелер деп аталды. Соңғы жылдары еліміздің энергетика саласына жел және күн электр станцияларын енгізу бакалавриат пен магистратураның «Жылуэнергетикасы» және «Электрэнергетикасы» білім беру бағдарламаларында «Жылумен жабдықтау және жасыл энергетикасы» мен «Климаттың өзгеруі және жасыл энергетикасы» пәндерін қосу арқылы көрініс тапты. Қарағанды политехникалық университетінің кафедрасы 70 жыл ішінде 4000-нан астам тау-кен электрмеханик, инженер-электрик және тау-кен инженер-электриктерін, бакалаврлар мен магистрлер дайындады.

Соңғы жылдары кафедра пәндерін материалдық-әдістемелік қамтамасыз ету толығымен дерлік жаңартылды. ҮouTube платформасында оқытылатын барлық пән бойынша бейнелекциялар әзірленіп, сынақтан өтіп, көпшілікке қолжетімді болды. Энергетикалық жүйелер кафедрасы өзінің білім беру бағдарламаларында, әдістемелік қамтамасыз етуде, ғылыми әзірлемелерде Қазақстанның энергетика саласындағы инновациялық өзгерістер мен жетістіктерді көрсетуге әрқашан қызмет етеді.

Ғазиз Иманмәдіұлы Бокижанов,

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ энергетикалық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы