ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫНДАРҒА – ТЫЙЫМ

Қазақстанда 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынады. Бұл норма Мәжілістің жалпы отырысында қабылданған «Лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңда қамтылды. Құмаройындарға әуестенген азаматтардың түні бойы сергек жүру үшін энергетикалық сусындарды көптеп алатынын айтты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев:

– Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметіне қарағанда, қазір кәмелетке толмаған 200 мыңнан астам адам тұрақты түрде құмаройын ойнаған. Бұл жасөспірімдердің де энергетикалық сусын ішіп отырып бәс тігуі мүмкін. Энергетикалық сусындар алкогольдан да қауіпті. Қазір 10 жастағы бала да энергетикалық сусынды оңай сатып алады. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынды.

Мемлекеттік қызметшілердің бәс тігуіне және букмекерлерді жарнамалауға тыйым салынды. Мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары бәс тіге алмайды. Бұл – шамамен 280 мың адам. Оларға ешқандай ескерту болмайды. Яғни бәс тіккен жағдайда бірден жұмыстан шығарылады.

Сонымен қатар байланыс операторларына құмаройын жарнамасы бар хабарлама жіберуге тыйым салынды. Құжатта букмекерлік кеңселер мен казиноларды жарнамалау барынша шектелген.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»