Энергетика министрлігі: геологиялық барлауға инвестициялар ағынының оң серпіні байқалады

Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жер қойнауы саласындағы көмірсутегі бойынша атқарылған жұмыстың басты қорытындыларымен таныстырды.


Оның мәліметінше, бүгінгі таңда көмірсутектер бойынша 276 келісімшарт қолданылады, оның ішінде Өнімді бөлу туралы келісім – 9, барлауға – 137, өндіруге – 130.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдалануға салынған инвестициялар сомасы 7,7 трлн теңгені құрады, оның ішінде өндіруге – 2,8 трлн теңге, геологиялық барлауға — 135,7 млрд теңге, 4,7 трлн теңге күрделі шығындарға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтарды оқытуға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға тиесілі. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда геологиялық барлауға инвестициялар ағынының оң серпіні байқалады», — деді спикер.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының жер қойнауы учаскелерін тексеру тапсырмасы аясында, ұзақ уақыт бойы келісімшарттық міндеттемелерді орындамай, жүйелі бұзушылықтары бар 27 келісімшарт бойынша жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде, 12 келісімшарт бұзылып, 9 келісімшарт бойынша 1,8 млрд теңге көлемінде айыппұл төленді, 6 келісімшарт бойынша жұмыс жасалуда, оның ішінде сот тәртібінде. Мемлекетке қайтарылған жер қойнауының учаскелері инвестициялар тарту үшін аукционға қойылады.