Елордаға экскурсияға барды

Қарағандының оқушылары үшін Нұр-Сұлтанға экскурсия ұйымдастырылды. Балалардың сапарын қаланың Мәдениет бөлімі ұйымдастырды.

Елордаға экскурсия балалар жылы аясында ұйымдастырылды. Жас туристердің алғашқы легі Нұр-Сұлтанда маусым айында болып қайтқан еді. Жақында елордаға тағы да жүз оқушы барды.

 

№37 негізгі мектептің 14 жастағы оқушысы Анель Глинская үшін бұл – ел астанасына алғашқы сапары.

– Мен бұрын Нұр-Сұлтанда болмаған едім, сондықтан маған бәрі қызық болды. Әдемі ғимараттар, қаланың өзі таң қалдырды, – дейді Анель Глинская. – Шаһар әсемдігімен еліктіреді. Мен мұнда кейін тағы келсем деймін.

12 жастағы Аслан Нышанбай да шаттығын жасырмады. Ол да бұған дейін елордада болмаған екен.

– Мен де №37 мектепте оқимын. Маған Нұр-Сұлтан өте ұнады. Әсіресе океанариум, Бәйтерек. Экскурсия ұмытылмас әсер қалдырды. Мен бұрын біздің астанамыздың соншалықты әдемі екенін елестете алмадым, – дейді Аслан.

Экскурсия барысында балалар океанариум мен Бәйтеректен басқа ҚР Ұлттық мұражайы мен Ұлттық ғарыш орталығы жанындағы саябаққа барды.

– Тур балаларға ұмытылмас сәттер мен жағымды әсер сыйлады. Балалардың көбі үшін бұл елордаға алғашқы сапар болды. Жаз мезгілінде Нұр-Сұлтанның көрікті жерлеріне 300 бала тегін барады. Жүз адамнан тұратын соңғы лек тамыз айында аттанады, – деп атап өтті Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Данияр Сәбитов.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА