Еленаның жеңісі – теннистің серпіні

Елена Рыбакина Уимблдонды жеңген алғашқы қазақстандық атанып, отандық спорт тарихында сенсация жасады. Бұған дейін «ақсүйек спорт» саналып келген үлкен теннистен осындай биік межені бағындыру алынбас қамалдай көрінгені рас. Өйткені қазақ үшін үлкен теннис – экзотикалық спорт. Дәл осы салада ауыз толтырып айтарлық жетістікке жетіп көрмеген, элиталық спортшы шығара алмаған елміз. Дей тұрғанмен Еленаның бұл жеңісін қазақ спортының жемісі деп айтуға ауыз бармайды. Неге дейсіз бе? Айтайық.

«Үлкен дулыға» турниріндегі мерейлі жеңістің қуанышын көлегейлеп тұрған басты себеп – Елена Рыбакинаның туған жері Ресей Федерациясы болуында. Иә, ол Қазақстанға туған елінде өз әлеуетін толық ашып, ТОП спортшылар сапына өте алмағандықтан келді. Бағын сынап, үлкен спортқа жолдама алудың басқа амалы да қалмаған еді. Өйткені Ресей үлкен теннистен әлемде көш бастап тұрған елдердің сапында. Ол жақта бәсекелестік өте жоғары деңгейде болғандықтан, жас таланттардың жарқ ете қалу мүмкіндігі аз. Қазақстан Теннис федерациясының өкілдері Елена Рыбакинаның қабілетін дөп бағалап, дер кезінде өздеріне тарта алды. Мұның спорт ұйымы тарапынан жасалған ұтымды келісім болғаны спортшының соңғы жеңісінен-ақ аңғарылып тұр. Алайда дәл осы жеңіспен кеуде керіп мақтана алмаймыз. Өйткені Еленаның мектебі басқа. Бірақ солай екен деп сыртқа теуіп, теріс айналуға тағы болмайды. Спорт сарапшысы Айдос Рымқұлдың айтуынша, Елена Рыбакина легионер болса да, қазақ спортының дамуына серпін бере алады.

– Қазақстан – теннис тарихы жоқ мемлекет. Бірлі-екілі спортшы болғанымен, толыққанды элиталық спортшыларды шығара алмайтын елміз. Бокс, күреспен салыстыруға келмейді. Біз үшін экзотикалық спорт… Бірақ солай екен деп қарап отыруға да болмайды ғой. Спортты дамыту, насихаттау керек. Ал федерация болса легионер тарту жолын таңдады және сарапшы ретінде мен мұны қолдаймын. Әуелде елімізге Юрий Щукин, Андрей Голубев, Галина Воскобоева, Ярослава Шведова сынды теннисшілер келді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы «Азия-Океания» аймағының 3-4 дивизионынан әлемдік дивизион құрамасына дейін көтерілді. Бұл спортшылар Ресейдің IV-V тобындағы ортанқол ойыншылар еді. Олардан соң Елена Рыбакина келді. Токио Олимпиадасында топ жармаса да, тамаша ойын көрсетіп, көптің ықыласына бөленді. Осы жолы Уимблдонды жеңіп алды. Әлеуметтік желідегі жұрттың әңгімесі де неше күн бойы осы тақырыптың төңірегінде болды. Жүлде қорының қомақты екені де айтылды. Яғни қарапайым көпшіліктің осы спортқа деген қызығушылығы оянды. Демек, баласын үлкен тенниске беретін ата-аналардың да саны артады. Ал сан болған жерде бәсеке, бәсеке барда сапа бар, – дейді Айдос Рымқұл.

Иә, Елена Рыбакинаның жеңісін тек қазақстандықтар ғана емес, ресейлік жанкүйерлер де талқылап, оның Мәскеуде туғанын тілге тиек етіп жатты. Алайда бір анық нәрсе бар. Ол – Елена Рыбакинаның кәсіби спортшы ретінде қалыптасуына Қазақстан Теннис федерациясының өте көп ақша құйғаны және қолдау көрсеткені. Егер ол өз елінде қалғанда, мұндай биік белесті бағындыра алмауы мүмкін еді. Тағдырдың жазуымен қазақ жеріне келіп, өз талантын ашты. Бүгінде ол – Қазақстан Республикасының азаматы.

– Әрине, мен Қазақстанның азаматымын. Азаматтыққа қатысты сұраққа бұған дейін де жауап бергенмін. Соңғы 2 жыл бойы нақты еш жерде тұрмаймын. Әр апта сайын бір қонақүйден екінші қонақүйде жүрмін. Одан қалды, дайындықта, жарыста жүремін. Яғни нақты тұрақты мекенім жоқ, – деді Елена Рыбакинаның өзі елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Иә, теннисші қыздың жеңісі қазақ қоғамын дүр сілкіндіріп, пікір алуандығын туғызды. Бұл да – жеңіс. Өйткені келешекте спорттың осы түріне қызығатын жастар шығып, биік белестерді бағындырары анық.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»