Ел тыныштығын қыздар да күзетіп жүр
Қызығынан қиындығы басым құқық қорғау қызметінде ерлермен қатар нәзік жанды аруларымыз да қызмет атқаруда. Қызметі мен отбасын қатар алып жүрген қыз-келіншектердің де еңбегі ерен. Отбасында бесік күзетіп, қызметте ел тыныштығын қорғап жүрген қаншама арулар бар.
Олар өздерінің нәзік болмысына қарамастан, көлік нысандарындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстардың жолын кесу, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде айтарлықтай қызмет атқарып, бүгінде халықтың алғысына бөленіп жүр. Өз қызметтерін шексіз сүйетін нәзік жанды арулардың бойынан салқынқанды сабырлылықты да, ерге бергісіз табандылықты да, қырағылық пен қайсарлықты да көруге болады.
Қандай сала болмасын қызметтің жеңілі болмайды. Оның ішінде, полиция қызметкері болу оңай емес. Ол үшін шыдамдылық, төзім және мықты жігер қажет. Тез шешім қабылдау, жылдам әрекет ету, қырағылық пен шапшандық сынды қасиеттер әр полицейдің бойынан табылуы тиіс. Нәзік жандардың мықты психолог болуы, сыпайы, ұстамды болуы да аса маңызды.
Олай болса, осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығып жүрген нәзік жандардың ерлігіне тәнті болмасқа шара жоқ.
Құқық қорғау органдары саласында ерлермен қатар қызмет атқарып жүрген нәзік жанды арулар аз емес. Соның бірі – Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы Желілік полиция бөлімі ақпараттық саясат тобының инспекторы, полиция майоры Садуакасова Жансая. Ол бала кезінен құқық қорғау органының қызметкері болуды армандады. Арман қуған ару ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсіп, 2012 жылы үздік тәмамдап, ал 2014 жылы «Заңтану» мамандығы бойынша Заң ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алды.
Өзінің еңбек жолын Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы ІІЖБ ақпараттық талдау тобының инспекторы лауазымын атқарудан бастаған. Қызмет бабында жүріп, осы салада адал еңбегінің көрсеткіші ретінде бірнеше мақтау грамотасымен, оның ішінде ІІМ, Көліктегі полиция департаментінің грамоталарымен марапатталды. 2021 жылы Ішкі істер органдарының үздігі атанды.
«Кейде жұмыстан қатты шаршайсың. Өзім қалаған мамандығым, қызметім болғандықтан қайтадан күш жинап, сабырлы болуға тырысамын. Әрине, осындай дәрежеге жеткізген анама мың алғыс айтамын. Көбіне анамның ақылына жүгініп отырамын.
Мен қыз бала болсам да, ең басты мақсатым – қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқығын қорғау деп санаймын», – дейді полиция инспекторы.
8 наурыз әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында жедел қызметтің жетегінде жүрген аруларымызды көктем мерекесімен құттықтай отыра, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, бақ-береке тілейміз. Құқық қорғау қызметіндегі еңбектеріңіз еленіп, биік белестерді бағындыруларыңызға шын жүректен тілектеспіз.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»