Ел тірегі — Елбасы

1 желтоқсанда мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күнін белгілеу туралы Заң 2011 жылдың желтоқсанында қабылданды. Мереке күнін таңдаудың тарихи алғышарты мен негізі 1991 жылғы 1 желтоқсанда болған оқиға болды: алғашқы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 98,7 пайызының қолдауына ие болды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – 1991 жылдың 1 желтоқсанында бірінші бүкілхалықтық сайлауда сайланған Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевты алғашқы ұлықтау рәсімі 1991 жылғы 10 желтоқсанда өтті. Ол Жоғарғы Кеңес депутаттарының қатысуымен Алматыдағы Республика сарайында ұйымдастырылды.

1991 жылғы 10 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп қайта атау туралы Заңға қол қойды. Алты күннен кейін Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялады. Бұл өзгерістер Тұңғыш Президенттің табандылығының ар-қасында орын алды. Сондықтан оның құрметіне арналған мереке жыл сайын 1 желтоқсанда ерекше құрметпен атап өтіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті өкілеттігін 2019 жылғы 19 наурызда тоқтатты.

Тұңғыш Президентке – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты өмір бойы Қауіпсіздік кеңесін төраға ретінде басқару құқығы тиесілі. Сондайақ, Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan саяси партиясын басқарады, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңестің Төрағасы, Назарбаев Университетінің, Зияткерлік мектептердің және Қордың Жоғары қамқоршылық кеңесінің басшысы және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы болып табылады. Сонымен қатар, 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаевқа Құрметті сенатор мәртебесі берілді.

Қазақстан, сондай-ақ Ингушетия, Шешен Республикасы, Түркия және Иорданияның көптеген көшелері, саябақтары, мектептері мен институттары Назарбаевтың есімімен аталады. Ал 2019 жылы Елбасының құрметіне еліміздің астанасы – НұрСұлтан деп қайта аталды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы бола білді. Ел тұрғындары Нұрсұлтан Назарбаевпен тәуелсіз Республиканың барлық жетістіктерін байланыстырады. Оның «Қазақстан-2030» бағдарламасы мемлекет экономикасын көтеріп, әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына кіруге мүмкіндік берді. Үш онжылдық ішінде қазақстандықтардың табысы 9 есе өсті. Елдегі кедейлік 12 есе төмендеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы, көрегендігі, сындарлы және жауапты шешімдерінің арқасында Қазақстан ұлттық келісімді, тарихи және мәдени дәстүрлерді сақтап, қуатты экономика құрды. Тұңғыш Президенттің көмегімен Тәуелсіз мемлекет дамып, бүгінде сындарлы болашаққа сеніммен қадам басуда. Нұрсұлтан Назарбаевқа деген халық махаббаты мен ризашылығын дәл осы мереке арқылы жақсы көрсете аламыз.

Дәстүр бойынша 1 желтоқсандағы салтанат ҚР Президентінің Резиденциясында мемлекеттік туды көтеру және Республиканың мемлекеттік гимнін трансляциялау сияқты рәсімдерден басталады. Содан кейін мерекелік іс–шаралар өтеді: концерттер, көрмелер, акциялар. Олардың басты мақсаты – елде бейбітшілік пен келісімді сақтау.

ҚР Президенті күні халқымыз дана басшыға сеніп, халықтың дағдарыстан, жұмыссыздықтан, жаңа мемлекет құрудан қалай өткенін еске алады. Кәсіби қызметі жылдары Нұрсұлтан Назарбаев Республика басшысы лауазымына бірнеше рет қайта сайланды. Сонымен қатар, оның бастауымен елде төмендегідей айтулы өзгерістер болды:

  • Семей ядролық полигоны жабылды;
  • Ел экономикасы әлемдегі ең мықты 50 елдің қатарына енді;
  • Мемлекет халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа қол жеткізді.

Қазіргі уақытта халықаралық қауымдастық Қазақстанды демократиялық мемлекет ретінде таниды. Еліміздің экономикалық мәселелерін шеше отырып, Тұңғыш Президент — Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен келісімді қолдауға көп көңіл бөлді. Бұл тұрғыда Тұңғыш Президент күнін барша қазақстандықтардың бірлігі мен толеранттылығы күні деп те атауға болады.

Мемлекет басшысы жүргізген сындарлы ішкі және сыртқы саясат әлеуметтік бағдарланған экономикасы бар қазіргі заманғы, серпінді дамып келе жатқан мемлекеттің құрылуын қамтамасыз етті.

Мемлекеттік мерекелер Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған. Қыстың алғашқы күнінде барлығы ҚР Тұңғыш Президентінің еңбегін, сондай-ақ мемлекеттің тұтастығы мен тәуелсіздігіне, өркендеуіне жасаған жолын еске ала алады.

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан эволюциялық жолмен, бейбіт дамудың нәтижесінде саясатта, экономикада, халықаралық қатынастарда тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен биік белестерге көтерілді. «Тәуелсіздік – ел тілегі, ал Елбасы – ел тірегі» екенін өмірдің өзі растап отыр. Қазақстанның бір тұтастығын, демократиялық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет екендігін, адам құқықтарымен бостандықтарының үстемдігін паш еткен Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы күнін тойлау өте орынды, қуанышты оқиға. Қазақстанның өркендеуіне, дамуына өркениетті озық елге айналуына үлес қосу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Олай болса мереке құтты болсын, еліміз өркендеп, дами берсін.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»