«Ел еркесі — Роза»

Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханада 2022 жылдың 5 наурызында Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы Роза Тәжібайқызы Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ел еркесі — Роза» атты әдеби- сазды кеш өтті.

Кешіміздің құрметті қонағы Роза Тәжібайқызының көзін көрген, Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің ардагері, «Гәкку» ансамблінің көркемсөз шебері Қажет Ғинаятқызы болды. Кеш барысында Қазақ елінің мақтанышы жайлы ойлар ортаға салынып, естеліктер айтылды. Әншінің репертуарындағы әндерді Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Ақниет» ансамблінің ұжымы орындап, көрермен көңілін бір серпілтті.

Осы шараға Облыстық бейнелеу өнері музейінің қорындағы суретші Гульфайрус Исмайылованың «Роза Бағланова» портреті арнайы ұсынылды. Кеш қонақтары мен оқырмандарға кітапхана қорында сақталған, 1971 жылы Ташкент қаласында жарық көрген винилді күйтабақтан Роза Бағланованың әндерін тыңдауға мүмкіндік беріліп, Роза Тәжібайқызының шығармашылығына арналған кітап көрмесіне шолу жасалды.

Кеш соңында кітапханамыздың басшысы Дина Базарбайқызы барша аналар мен аяулы қыздарды Әйелдердің халықарлық күнімен құттықтап ізгі тілегін айтып, келген қонақтарға алғысын білдірді, құрметті қонағымыз Қажет Ғинаятқызына алғысхат пен гүл шоқтарын табыс етті.

Өз тілшімізден