Ел еңсесін түсірген қаралы хабар

Қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. Халық жазушысы, көрнекті драматург әрі қоғам қайраткері, «Қазақстанның Еңбек Ері» Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның дүниеден озуы қалың жұртшылыққа орны толмас қайғы болды.

Ақын, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов дүниеден өтуі қазақ руханияты үшін ауыр қаза болып, бір дәуірдің аяқталғанын білдірді. Ұлттың сөз өнері мен қоғамдық ойына ерекше ықпал еткен қаламгер бар ғұмырын шығармашылыққа, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және елдің өзекті мәселелерін көтеруге арнады. 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген ол Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, «Жалын» журналының бас редакторы қызметтерін атқарып, сондай-ақ КСРО және Қазақстан деңгейіндегі халық депутаттығына дейін көтерілді.

– 1981 жылдың 19 наурызында Мұхтар Шахановты Алматыдан арнайы шақырып, телехабарға қатыстырған сәт ерекше есте қалды. Ол кезеңде жауапты қызметте жүрген ақынды эфирге шақырудың өзі оңай болмағанымен, шығармашылық байланыс нәтижесінде бір сағатқа жоспарланған хабар үш сағатқа созылып кетті. Сұқбат барысында Шахановтың махаббат тақырыбындағы туындылары, соның ішінде «Танакөз» поэмасының тереңдігі ерекше аталып өткен еді. Сондай-ақ оның тек ақын ғана емес, ән шығарушы ретінде де қырын танытқаны, «Жас жұбайлар» әнінің авторы екені айтылды. Өкінішке қарай, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның өмірден өтуі үлкен қаза ретінде қабылданып, оның жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады, – дейді ардагер журналист Әли Тойжігіт.

Қоғамдағы өзекті мәселелерге әрдайым үн қосып, ел мен жер тағдырына бейжай қарамаған ақын Мұхтар Шаханов парламент мінберінде де ұлт мүддесін батыл қорғап, азаматтық ұстанымын айқын көрсетті. Қайсар мінезі мен өр рухы арқылы ол әділет жолында табандылық танытып, поэзияны қоғамдық оймен ұштастыра білген біртуар тұлға ретінде танылды. Қаламгердің шығармалары әлемнің 50-ден астам тіліне аударылып, оның рухани мұрасы халықаралық деңгейде кеңінен таралды.

– Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Мұхтар Шахановтың өмірден өтуі кеңінен айтылып, оның қазасы қазақ руханияты үшін орны толмас қайғы ретінде бағаланып жатыр. Бұл – жай ғана бір адамның кетуі емес, мен үшін тұтас бір рухани кезеңнің, ақиқат пен шындықты ту еткен ой иесінің үнсіз қалуы сияқты әсер қалдырды. Өз басым, қазақ қоғамы ақыннан ғана емес, сол ақынмен бірге айтылып келген ақиқаттан да айырылғандай күй кешіп отыр деп ойлаймын. Мұхтар Шаханов есімімен қатар жүретін шындықтың үні де бірге өшкендей сезіледі. Біз осындай біртуар ақыннан айырылдық, – деді «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабеков.

Шоқтығы биік шығармаларымен қазақ поэзиясына жаңа серпін әкелген Мұхтар Шахановтың есімі ұлттық руханиятта ерекше орын алады. Оның әрбір туындысы бүгінгі күні де рухани қазынамыздың құнды бөлігіне айналып отыр. «Qaragandy Habary» газетінің ұжымы әйгілі ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың өмірден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына және барша қазақ еліне қайғыра көңіл айтады.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»