Ел дамуына жаңа серпін
Отандық сарапшылардың пікірінше, жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформа Қазақстанның дамуына тың серпін береді. Бұл үдеріс елдегі саяси және құқықтық жүйені жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам саналады. Сонымен қатар Конституциялық комиссия жұмысының қоғамға ашық түрде жүргізілуі реформаның айрықша ерекшелігі болып отыр. Ашықтық пен қоғамдық пікірді ескеру реформаның тиімділігі мен сенімін арттыра түседі.
Қазақстанда 2026 жылы конституциялық реформа бойынша жалпыұлттық референдум өтетіндігін, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың 5-ші отырысында мәлімдеді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясы КММ директоры – Сәуле Далбайқызы конституциялық реформадан оң өзгерістер күтеді. Заңдарды қабылдау процесі жедел өтіп, депутаттардың халық алдындағы жауапкершілігі күшеюі маңызды дейді.
– Меніңше, 1998 жылдан бері елімізде Конституцияға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Тек 2022 жылы-ақ 33 өзгеріс жүзеге асырылғаны белгілі. Бұл өзгерістердің арқасында біздің мемлекетіміз алдыңғы, демократиялық және құқықтық мемлекеттердің қатарына қосылып отыр. Сонымен қатар, Конституциялық реформалар білім беру саласына да өз оң әсерін тигізіп, мектепте балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың жеке дамуын қолдау бағытында нақты мүмкіндіктер ашты. Осы арқылы біз болашақ ұрпақтың білімді, саналы азамат болып өсуіне ықпал етеміз деп сенемін, – деді «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясы» КММ директоры Сәуле Ізтілеуова.
Реформа аясында Сенат пен Мәжілістен тұратын парламент бір палаталы жүйеге өтіп, «Құрылтай» деп аталатын жаңа атау алды. Депутаттар саны 145 адамды құрайды. Сонымен қатар, жаңа институт – Қазақстан Халық кеңесі – құрылды. Елдегі оң өзгерістер қоғамда қызу талқыға түсіп, көптеген ұстаздар мен қоғам өкілдері оны қолдайтынын айтып жүр.
– Конституциялық реформа еліміз үшін аса маңызды және тарихи оқиға болып отыр. Ол тек заңдық түзетулерді ғана емес, қоғамның дамуы мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған жүйелі өзгерістерді қамтиды. Мектепте біз осы реформаның мәнін балаларға түсіндіруде ерекше көңіл бөліп келеміз, себебі жас ұрпаққа құқықтық сауаттылықты қалыптастыру – олардың жауапты азамат болып өсуінің негізі. Сонымен қатар, реформалар білім беру жүйесіне де оң әсерін тигізіп, мектептегі тәртіп, әділдік және демократиялық құндылықтарды нығайтуға мүмкіндік береді деп есептеймін. Біздің басты міндетіміз – оқушыларды Конституциядағы негізгі құқықтарымен таныстырып, оларды саналы, заңға құрмет көрсететін азаматтар ретінде тәрбиелеу, – дейді спикер.
Халықтың әрбір ұсынысы мен қабылданған өзгерістер Конституцияда нақты көрініс табады. Реформа жобасын дайындау барысында арнайы комиссия жұмыс істеді, ал биыл ол жалпыұлттық референдумға шығарылатын болады.
Қанағат КҮЛШЕБАЕВА,
«QH»

