ЕКІ МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ QH. ЖҰМЫСҚА АЛЫНАДЫ

Ұлттық халық санағын өткізуге өңірде дайындық қалай жүріп жатыр? Әлі де атқарылмаған қандай міндеттемелер бар? Осы және өзге де мәселелер облысы әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте талқыланды.

Жиын статистика департаментінің басшысы Жанат Садықованың баяндамасымен басталды:

— 31 маусымда санаққа дайындық кезеңі аяқталды. Облыстың барлық елдімекендерінде статистика департаментінің интервьюерлері тұрғын үйлер мен мекемелерді аралап шықты. Бұл кезеңнің міндеті – тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар мен құрылыстардың мекенжайларын, оларда тұратын халықтың санын нақтылау болды. Сондай-ақ, осы кезеңде облыста тұратындар саны 1 343 598 адамды құрады. Қазір санақтың негізгі кезеңі үшін аудандастыру және оны өткізудің ұйымдастырушылық жоспарларын қалыптастыру жүргізілуде. Бұл жұмыстарды 25 тамызға дейін аяқтау жоспарланған.

Ал, 1 қыркүйектен бастап халық санағының негізгі кезеңі басталады. Ол онлайн-режимде 15 қазанға дейін жалғасады. Тұрғынүйлерді аралау 1-30 қазан аралығында өтеді.

Статистика департаменті атқаруы тиіс тағы бірқатар міндеттемелер бар: санақ персоналын таңдау және оқыту; оларды оқытуға арналған мекеме табу; мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік жүйесі арқылы санақ деректерін тасымалдауды қамтамасыз ету; арнайы контингент санағын ұйымдастыру; сондай-ақ, персоналдың қауіпсіздігі де департамент мойынында.

Ақылы қызмет көрсету шарттары бойынша 24 қыркүйектен 7 қарашаға дейін – 236 нұсқаушыбақылаушы, 1-30 қазан аралығында 1654 интервьюер, жалпы саны 1890 адамды жұмысқа тарту жоспарлануда. Қызметкерлерді іріктеу 1 қыркүйектен басталады.

– Өкінішке қарай, деректер базасында ұсынылған жұмыссыздардың көпшілігі белгіленген талаптарға сай келмейді. Атап айтқанда, білім деңгейі, коммуникативтік қабілеттері, портативті құрылғылармен жұмыс істеу дағдылары бойынша бұл жұмысқа тарта алмаймыз. Еңбекақының төмендігін алға тартып, қызметтен бас тартқандар да жоқ емес. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар да жәрдемақыдан айрылып қалудан қорқып, жұмыстан жалтарды. Тағы бір мәселе – уақытша қызметкерлерді жинақтау. Толық штат тек Приозерск және Жаңаарқа ауданында ғана бар. Персоналды оқыту бөлмелеріне келетін болсақ, карантиндік талаптарға сай келетіндей бөлме табу керек. Жалпы, байланыс желісі жақсы 236 үй-жай қажет. Оларды мемлекеттік органдар, мектептер мен колледждер ғимараттарында ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ, қызметкерлер үшін қоғамдық көліктерде жол ақысыз жүруді ұйымдастырамыз, — деді Жанат Кабикешевна.

Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев шаһардағы халық санағына дайындық барысын баяндады. Жұмысқа қабылданған қызметкерлер коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинацияланатын болады. Ал, қызметкерлерлі даярлау үшін 81 учаске жұмыс істейтін болады.

— Оқыту учаскелері жиһазбен, телефон байланысымен, компьютерлермен, интернетпен қамтамасыз етіледі. Оның екеуі қала аудандарының полиция бөлімшелеріне орналастырылады. Қызметкерлердің қауіпсіздігі мен құжаттаманы қорғауды қамтамасыз ету үшін әрбір учаскеге полиция қызметкері бекітіледі. Сондай-ақ, қызметкерлерді 1-30 қазан аралығында жол жүру билеттерімен қамтамасыз ету үшін автопарктермен келісім жасадық, — деп мәлімдеді Ермағанбет Қабдолұлы.

— Халық пен еңбек ұжымдары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өте маңызды, — деді өңір басшысы жиынды қорытындылай келе. — Санақ халықтың саны, оның жас және гендерлік құрамы, урбандалу дәрежесінде өте маңызды. Талдамалық деректер алуға мүмкіндік береді. Оған қоса, облысты дамытуға арналған жаңа жоспарлар құруға көмектеседі.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, QH.